Тоқаев Болгарияның тұңғыш әйел президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Ақорда арнайы хабарлама жариялады

Тоқаев Болгарияның тұңғыш әйел президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Болгарияның тұңғыш әйел президенті Илияна Йотованы сайлаудағы жеңісімен құттықтап, арнайы жеделхат жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сайлаудағы жарқын жеңісіңіз – халқыңыздың сізге артқан жоғары сенімі мен еліңіздің дамуын баянды етуге бағытталған игі бастамаларыңызға көрсеткен қолдауының айқын көрінісі екені сөзсіз», – делінген құттықтау хатта.

Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Илияна Йотованың жауапты қызметіне сәттілік, ал достас Болгария халқына құт-береке тіледі.

Айта кетейік, Болгария президентінің сайлауында Илияна Йотова 57,6 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы – бұрынғы уақытша премьер-министр Андрей Гюров 39,5 дауысқа ие болды.