Ресейде Қазақстан азаматы сотталып кетті: оның қандай қылмысқа барғаны анықталды

Сот оған Ресей аумағына шетел азаматын заңсыз кіргізді деген айып тақты

Ресейде Қазақстан азаматы сотталып кетті: оның қандай қылмысқа барғаны анықталды
Фото: istockphoto.com

Ресейде 43 жастағы Қазақстан азаматы мемлекет аумағына шетел азаматын заңсыз кіргізгені үшін сотталды. Бұл туралы Омбы облысының соты ресми хабарлама жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми хабарламаға сүйенсек, оған Ресейдің қылмыстық кодексінің 322.1-бабы 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша, яғни бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, шетел азаматын Ресей аумағына заңсыз кіруін ұйымдастырды деген айып тақты.

Сотта анықталғандай, Е.Ю. Плевако «Российские железные дороги» компаниясында локомотив бригадасының машинисі болып жүріп, шетел азаматын шекарадан заңсыз өтуін ұйымдастыру үшін өзге адамдармен қылмыстық мақсатта сөз байласқан. Осы ісі үшін ол 100 000 рубль алған. Ал оның таныстарына қатысты қылмыстық іс бөлек қарастырылады.

Е.Ю. Плевако қызметтік міндетін пайдаланып, Ресей аумағына кіруіне ресми тыйым салынған шетел азаматын жүк пойызына отырғызып алған. Сенімділік тудыру үшін шетел азаматына пойыз бригадасының қызметтік киімін берген. Бұл өз кезегінде оның шекара бақылауынан сытылып кетуіне септігін тигізген көрінеді. 2023 жылдың наурыз айында шетел азаматы пойыз бригадасының мүшесі ретінде Ресей-Қазақстан шекарасын кесіп өтіп, Омбы облысының Исилькуль ауданына келген.

«Сотқа дейінгі ынтымақтастық туралы келісім жасалғанын, кінәсін толық мойындағанын және қылмыстық схеманың өзге мүшелерін әшкерелеу үшін тергеу ісіне белсенді көмек көрсеткенін ескере отырып, сот 2 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу туралы үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген Омбы облысы сотының ресми хабарламасында.