Қазақстан Ресейден 2028 жылға дейін бажсыз мұнай тасымалдайды

Құрылтай заңды екі оқылымда қабылдады

Қазақстан Ресейден 2028 жылға дейін бажсыз мұнай тасымалдайды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Ресейден мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімнің қолданылуын 2028 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Құрылтайда тиісті хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Хаттаманы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды.

Қазақстан мен Ресей бұл келісімді 2010 жылы жасаған. Оның мерзімі 2024 жылғы 1 қаңтарда аяқталған. 2024 жылғы қарашада екі ел келісімнің күшін қайта қалпына келтіру туралы хаттамаға қол қойған.

Келісім Қазақстан мен Ресейдің мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу мәселесінде алдын ала жоспар құрып, бір-бірімен ақпарат алмасуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар жыл сайын қандай көлемде мұнай және мұнай өнімдері жеткізілетінін келісіп отырады.

Бұл механизм әсіресе Қазақстанда мұнай өнімдері жетіспей қалған жағдайда маңызды. Мұндай кезде Ресейден қажетті өнімдерді жеткізу мәселесін екі елдің мемлекеттік органдары арасында келісуге мүмкіндік болады.

Энергетика министрі келісімнің елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айтты.

«Қазақстан үшін бұл Келісім энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақты жұмыс істеуі тұрғысынан маңызды. Келісім екі мемлекеттің құзыретті органдарының іс-қимылдарын үйлестіру үшін халықаралық-құқықтық негізін қалыптастырады және мұнай өнімдерінің тапшылығы туындаған жағдайда қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің сөзінше, Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін бажсыз импорттау мүмкіндігі сақталады.

«Бажсыз режимді сақтау Қазақстанның ішкі нарығының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін практикалық маңызға ие. Бұл ретте, 2026 жылы күтілетін үнем шамамен 30 млрд теңгені, соның ішінде бензин бойынша – 5,59 млрд теңге, дизель отыны бойынша – 15,75 млрд теңге, авиациялық отын бойынша – 8,61 млрд теңгені құрайды», - деді Ақкенженов.

Жаңа хаттама бойынша келісім 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болады. Егер Қазақстан немесе Ресей қарсы болмаса, құжат кейін автоматты түрде бес жылға ұзартылып отырады.