Шаруалар 2027 жылғы егіс науқанына дайындалып жатыр: 2 млн тонна тұқым қоры әзірленді
Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді
Қазақстанда биылғы егін жинау науқанымен қатар, келесі жылғы өнімге дайындық жұмыстары басталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, 2027 жылғы өнімге қажетті тұқым көлемі 2,3 млн тонна деп белгіленген. Қазір оның 2 млн тоннасы немесе қажетті қордың 90 пайызы дайындалған.
«Егін жинаумен қатар келесі жылғы науқанға дайындалып жатырмыз. Бірінші кезекте бұл тыңайтқыштар енгізуге, күзгі агротехникалық іс-шараларды жүргізуге және сапалы тұқымның қажетті қорын қалыптастыруға қатысты», – деді Азат Сұлтанов.
Вице-министрдің мәліметінше, биыл шаруаларға 2,3 млн тонна тыңайтқыш дайындау керек. Қазір оның 2,1 млн тоннасы дайын. Бұл ғылыми қажеттіліктің 66 пайызына тең.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Арзан лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 288 млрд теңгеге 8,6 мың ауыл шаруашылығы техникасы берілген.
Сонымен қатар көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 5,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 665 млрд теңге бөлінген.
«Қазан айынан бастап 2027 жылғы егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тетігі жалғасады. Бұл шаруаларға келесі егіс науқанына дайындықты алдын ала бастауға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
Азат Сұлтановтың айтуынша, егін жинау науқанына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және 130 мың өзге де техника тартылған.