Қазақстанда майлы дақылдар өнімі рекордтық көрсеткішке жетті - АШМ
Бүгін Үкімет отырысында егін жинау науқынының барысы қаралды
Қазақстанда биыл майлы дақылдардың өнімі рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, биыл майлы дақылдардың егіс алқабы 5,2 млн гектарға дейін ұлғайған. Қазірдің өзінде 2,4 млн гектар алқап жиналып, 2,4 млн тонна өнім бастырылған.
«Егін жинау жұмыстары уақытылы басталды және қарқыны өткен жылдан жоғары. Майлы дақылдарды жинау қарқыны да артып келеді. Егін жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдардың рекордтық өнімі – 5 млн тоннадан астам жиналады деп болжануда», – деді Азат Сұлтанов.
Вице-министрдің мәліметінше, биыл жалпы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның 15,6 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі.
Қазіргі таңда 13,5 млн гектар дәнді дақыл жиналған. Бұл жалпы көлемнің 83 пайызы. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Министрлік жалпы астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болады деп болжап отыр. Вице-министрдің айтуынша, күтілетін өнім ішкі нарықтың азық-түлік, мал азығы және тұқымға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биыл дәнді дақылдардың егіс құрылымындағы үлесі 72 пайыздан 66 пайызға дейін төмендеген. Ал майлы дақылдардың үлесі 13 пайыздан 18 пайызға өскен.