Ол – ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары
Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев ұсталған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы мәліметтерден белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл 7 мамыр күні Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз еткені және қызметтік міндеттерін атқарудағы жетістіктері үшін Б. Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Айта кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың арасында 14 әскери қаза тауып, 3-еуі ғана құтқарылды. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады. Қаза болған сарбаздардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туыстарына көңіл айтты. Қаза болған 14 сарбаздың отбасына ақшалай көмек бергісі келетіндер үшін арнайы шот ашылды. Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жүректі қан жылатар естеліктерді жариялады.