«Ешқандай тапсырма берілген жоқ»: Маңғыстау әкімдігі бір күндік жалақы аударуға қатысты мәлімдеме жасады

Автор: Асыл Арман

Маңғыстау әкімдігі әскери қызметшілер отбасыларына көмек жинау туралы түсініктеме берді

Фото: Қорғаныс министрлігі

Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін қаражат аудару әр адамның өз еркінде екенін мәлімдеді. Әкімдік азаматтарға, кәсіпкерлер мен ұйымдарға, сондай-ақ олардың қызметкерлеріне ақша аудару немесе бір күндік жалақысын қайырымдылыққа беру туралы ешқандай тапсырма бермегенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімдіктің мәліметінше, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар үшін бірыңғай қор жұмыс істейді.

«Қаражат тек ерікті түрде жиналады. Облыс әкімдігі тарапынан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берілген жоқ және берілмейді. Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес және әр қызметкердің жеке шешімі», – делінген әкімдіктің хабарламасында.

Қолдау көрсеткісі келетін азаматтар қордың ресми реквизиттері арқылы қаражатты ерікті түрде аудара алады немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына тікелей материалдық көмек көрсете алады.

«Көмек көрсету немесе көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі. Қаражат аударуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды», – деп ескертті облыс әкімдігі.

Айта кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың арасында 14 әскери қаза тауып, 3-еуі ғана құтқарылды. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады. Қаза болған сарбаздардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туыстарына көңіл айтты. Қаза болған 14 сарбаздың отбасына ақшалай көмек бергісі келетіндер үшін арнайы шот ашылды. Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жүректі қан жылатар естеліктерді жариялады.