Франциядан Қазақстанға келген саяхатшылар ақшасы мен құжаттарын жоғалтып алды

Олар жоғалған құжаттары мен ақшасы бар әмиянын полицияның көмегімен тапты

Оралда Франциядан келген саяхатшылар құжаттары мен ақшасы салынған әмиянын жоғалтып алған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері саяхатшылар жүрген орындарды тексеріп, оның ішінде кафелердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерделеген.

Полиция қызметкерлерінің жылдам жұмысының арқасында әмиян табылып, иелеріне қайтарылды. Оны ешкім ұрламаған: саяхатшылар әмиянын өздері жүрген жүк көлігінде ұмытып кеткен.

Құжаттары мен ақшасының табылғанына қуанған Франциядан келген саяхатшылар қазақстандық полицейлерге шынайы алғысын білдірді.

«Паспорттарымызды табуға көмектескен Қазақстан полициясына рақмет. Құжаттарымыз жүк көлігінің ішінде болған екен, полиция қызметкерлері оларды табуға көмектесті. Олар өте жедел әрі тиімді жұмыс істеді. Біз оларға шексіз ризамыз», – деп алғыс айтты шетелдік қонақтар.