Астанадағы Ақбұлақ су айдынында тазарту жұмыстары жүргізілуде
Экологиялық акция «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтті
Астанада Ақбұлақ жылғасын биологиялық жолмен тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экологиялық акцияны Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізді.
Акция барысында мамандар мен еріктілер су айдынының экожүйесін табиғи жолмен қалпына келтіруге, ластану деңгейін төмендетуге және судың сапасын жақсартуға бағытталған сертификатталған биопрепараттар қолданды.
«Бұл биопрепараттар су айдындарын биологиялық тазарту, яғни су экожүйесіндегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін қолданылады. Ғылыми зерттеулер барысында біз жаңа микроорганизм штамдарын әзірледік. Олар да осы су айдынынан алынған. Ол Bacillus subtilis деп аталады. Бұл микроорганизмдер зерттеуден өтіп, арнайы сұрыптаудан өтті. Сонымен қатар жоғары концентрациялы биопрепарат алынды. Ол – BioLine ABS Bio. Құрамында белсенді микроорганизмдер культурасы бар. Препарат суды тазарту үшін қолданылады», - деді Astana Bioscience Business Center компаниясының ғылым жөніндегі директор орынбасары Азамат Садықов.
Маман Ақбұлақ су айдынын тазарту мақсатында бірнеше препарат әзірлегенін атап өтті.
«Соның бірі – М-тастары. Олар тұнба қабатында жұмыс істеуге бейімделген. М-тастары су түбіне шөккен кезде бактерияларды біртіндеп бөліп шығарады. Осылайша, бактериялар су түбіндегі тұнбаны тазартуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, пигмент негізіндегі биопрепарат та бар. Ол жарықты сіңіріп, судың түсін өзгерту арқылы балдырлардың өсуіне қолайсыз орта қалыптастырады және олардың көбеюін тежейді», - деді маман.
Бұл жұмыстардың барлығы 2026 жылдың басынан бері Ақбұлақ су айдынын кешенді тазартуға арналған үш жылдық бағдарлама аясында өтіп жатыр.
«Тазарту жұмыстары барысында санитарлық және биологиялық тазарту әдістері қатар қолданылып, тұрақты мониторинг жасалады. Мамыр айынан бастап зертханалық зерттеулер жүргізіп, ай сайын бақылау жасап келеміз. Сондықтан жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін зертханалық деңгейде де көріп отырмыз», - деді Азамат Садықов.
Мамандардың айтуынша, қолданылатын биологиялық тазарту технологиялары әр су айдынының ерекшелігіне қарай бейімделеді. Бұл әдіс химиялық реагенттерді қолданбай, су экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған.
Айта кетейік, экологиялық акцияға қатысқандар мен еріктілер Астана маңындағы Сарыбұлақ және Талдыкөл көлдерінде де осындай биологиялық тазарту жобаларын жүзеге асырып жатыр.