«Ұқтыңыз ба?». Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысы дұрыс жұмыс істемесе, орнына басқа адам келетінін мәлімдеді
Үкіметте жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып жатыр
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ҚазАвтоЖол басшысын сынап, жолдардың сапасы нашар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметте «ҚазАвтоЖол» компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев республикалық маңызы жолдардың ахуалы жайлы баяндама жасады. Бірақ Олжас Бектенов қағаз жүзінде бәрі жақсы болғанымен іс жүзінде олай емес екенін ескертті.
«Баяндама жақсы. Бірақ шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі де сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы жоқ. Жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады. Ұқтыңыз ба?», - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Дархан Иманашев Қазақстанда жыл соңына дейін республикалық маңызы бар 2 мың шақырымнан астам жол іске қосылатынын мәлімдеген еді.