Екібастұзда 6 жастағы баланы көлік қағып кеткен: ол оқиға орнында көз жұмды
Қайтыс болған баланың туыстары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында куәгерлерді іздестіріп жатыр
Екібастұз қаласында, Әуезов көшесіндегі №93 үйдің маңындағы 8-ықшамауданда қайғылы оқиға болды. Ақпаратқа сәйкес, жеңіл автокөлік аулада ойнап жүрген алты жасар баланы қағып кеткен. Көліктің астына түскен бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайтыс болған баланың туыстары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында куәгерлерді іздестіруде. Олардың айтуынша, көлікті екі қыз басқарған.
«19 қыркүйекте сағат 20:00 шамасында Әуезов көшесі, 93 үйдің маңында ЖКО болды. Менің інімді қағып кетті. Қазір оқиғаның куәгерлері өте қажет. Егер сіз жанында болсаңыз, ЖКО сәтін көрсеңіз немесе сізде бейнетіркегіштен/камерадан жазба болса, маған хабарласуыңызды өтінемін», – дейді қайтыс болған баланың әпкесі Жансая.
Екібастұз тұрғындары аула жолдарының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруде. Тұрғындар көліктердің кіреберістер мен балалар алаңдарының маңына қойылатынын, ал жүргізушілердің жылдамдықты азайтпайтынын айтады.
«Балалар кіреберістерден жүгіріп шығады, жанында балалар алаңдары бар, жылдамдықты азайтпайды. Өкінішке қарай, жүргізушінің ақымақтығынан сәбиімізді жоғалттық», – деп жазды Екібастұз тұрғыны.
Полиция баланың өлімін растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. ЖКО себептері мен мән-жайын тергеушілер анықтап жатыр.