Алматы тауларында құтқарушылар үш туристке көмек көрсетті
Теңіз деңгейінен шамамен 3100 метр биіктікте төтенше жағдай болды
Өткен түні Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты Шүкір асуында, теңіз деңгейінен шамамен 3100 метр биіктікте төтенше жағдай болды. Таудан төмен түсіп келе жатқан үш жас жігіттің қолшамдары өшіп қалып, қараңғыда бағдардан адасқан. Өздігінен ары қарай жүру мүмкін болмағандықтан, олар құтқару қызметіне хабарласып, көмек сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дабыл түскен бойда оқиға орнына Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары жіберілді. Құтқарушылар жедел іздестіру-құтқару шараларын жүргізіп, адасқан туристерді тапты.
Оқиға нәтижесінде құтқарушылар жастарды таудан аман-есен алып түсіп, №22 өрт сөндіру бөлімінде күтіп тұрған туыстарына тапсырды. Түнгі оқиғадан кейін үш турист те медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ, олардың денсаулық жағдайы жақсы.