Бүгін, 13:36
Қоғам

123 млн теңге: Қостанайда құрылыс компаниясының басшысы шартты түрде ғана сотталды

Оның кесірінен ондаған отбасы баспанасыз қалды

123 млн теңге: Қостанайда құрылыс компаниясының басшысы шартты түрде ғана сотталды
Фото: istockphoto.com

Қостанайда үйлі боламын деп ақша салған азаматтар сан соғып қалды. Алайда елді алдаған құрылыс компаниясының басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, құрылыс компаниясының директоры екі жарым жыл бойы қажетті рұқсаты жоқ бола тұра, пәтер сатып алу туралы келісімшарттар жасаған. Ол құрылыс нысанын аяқтау мүмкін болмайтынын білсе де ақша жинауды тоқтатпаған.

2022 жылғы сәуірден 2024 жылғы қарашаға дейін компанияға азаматтардан 123 миллион теңгеден астам ақша түскен. Ал компания басшысы бұл қаражатты өз қалауынша жұмсаған. Осының салдарынан ондаған отбасы уәде етілген пәтерлерін де, салған ақшасын да ала алмай қалған.

«Сот құрылыс компаниясының басшысын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар ол бес жыл бойы құрылыс ұйымдарында басшылық қызмет атқара алмайды», – делінген прокуратура хабарламасында.