Бүгін, 15:05
Қоғам

Алматылық келіншек такси ішінде босанып қала жаздаған (ВИДЕО)

Абырой болғанда, оны полиция қызметкерлері перзентханаға тез жеткізген

Алматылық келіншек такси ішінде босанып қала жаздаған (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Алматы қаласының патурльдік полициясы толғағы қысқан келіншекті тез арада перзентханаға жеткізген. Әйел енді 20 минут жолда кідірсе, такси ішінде босанып қалар еді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Алматы қаласының полиция департаменті таратқан видеоға сүйенсек, әйел аман-есен босанып, полиция қызметкерлеріне алғыс айтқан.

«Боран-538» экипажы Алматы қаласының Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тас жолының қиылысында қызмет атқарып жүрген. Кенет оларға такси жүргізушісі келіп, көмек сұраған. Өйткені, такси ішіндегі әйелдің толғағы қысып, босануға жақын қалған еді», - деп хабарлайды Алматы қаласының полициясы.

Полиция тез әрекет етіп, әйел мен оның жолдасын полиция көлігіне салып, перзентханаға аттанған.  

«Полиция жүкті әйелді Жұбанов көшесінде орналасқан №3 перзентханаға небәрі 12 минут ішінде алып барған. Арада 20 минут өткенде қуанышты хабар жетіп, әйел аман-есен ұл бала босанғанын айтқан», - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.

Осылайша, жас келіншек екінші баласын аман-есен бауырына басқан. Кейін ол полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, хат жазған екен. Патруль қызметкерлері қуанып, баланың болашақта генерал атануына тілектестік танытқан.