Депутаттар қоғамдық орындардағы жөнсіз әрекеттерге жол бермей, жауапкершілікті арттыруы тиіс
Тоқаев Құрылтай депутаттарына жауапкершіліктен қашпай, нақты өзгерістер жасау қажеттігін де айтты
Құрылтайдың бірінші сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң шығарушы орган құрамында әйелдер мен жастардың үлесі артқанын айтып, билікке жаңа буын өкілдерінің келуі реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту және саясатқа жаңа көзқарастағы азаматтарды тарту. Президент қазіргі заманда ескірген ұстаным мен жалаң популизмге орын жоқ екенін атап өтті.
«Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары елдегі реформалардың нәтижесіне тікелей жауапты екенін айтты. Оның сөзінше, халық елдегі өзгерістердің қаншалықты тиімді болғанын, ең алдымен, депутаттардың жұмысына қарап бағалайды.
Президент депутаттарды заң қабылдаумен қатар, қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға үлес қосуға шақырды. Ол қоғамдық орындарда жөнсіз әрекеттерге жол бермеу, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру маңызды екенін айтты.
«Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе. Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды», – деді Президент.
Тоқаев Құрылтай депутаттарына жауапкершіліктен қашпай, нақты өзгерістер жасау қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, реформаларды соңына дейін жеткізу – қазіргі буынның тарихи міндеті.
«Бізге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет. Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұмыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдің болашағы әр депутаттың белсенділігіне, еңбегіне және отаншылдығына байланысты екенін айтып, жаңа құрамды тәжірибесін ел игілігіне жұмсауға шақырды.