Жаңа депутаттарға тапсырма берілді: Құрылтай ерекше балаларға қатысты заң қабылдау керек

Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды қолдайтынын айтты 

Жаңа депутаттарға тапсырма берілді: Құрылтай ерекше балаларға қатысты заң қабылдау керек
Фото: depositphotos

Президент қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген заң жобасын Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек.   Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным», - деді президент.

Сондай – ақ Мемлекет басшысы Үкімет ұсынған 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты.

«Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын қабылдап, сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керегін атап өтті.

«Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет» - деді президент.