СҚО-да жедел жәрдем қызметкерін бетінен ұрып жіберген ер адам істі болды

Аймақта медицина қызметкеріне күш көрсету бойынша екі оқиға болды

СҚО-да жедел жәрдем қызметкерін бетінен ұрып жіберген ер адам істі болды
Фото: freepik.com

Солтүстік Қазақстан облысында емхана дәлізінде дәрігерге күш көрсеткен 51 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

СҚО ПД мәліметінше, 17 тамыз күні таңертең қабылдауға келген 51 жастағы қала тұрғыны дәрігермен сөйлескен. Әңгіме барысында дау туындаған. Полицияға түскен арызға сәйкес, медицина қызметкерінің ескертуіне ер адам агрессивті жауап беріп, бетінен ұрып жіберген.

Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Бұл – өңірде медицина қызметкеріне күш қолдануға қатысты тіркелген екінші жағдай. Маусым айында Шал ақын ауданында жол-көлік оқиғасынан кейін көмек көрсетіп жатқан медицина қызметкеріне мас күйдегі ер адам күш қолданған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 380-3-бап енгізілді. Онда медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты қорқыту немесе күш қолданғаны үшін жауапкершілік көзделген. Енді медициналық көмек көрсетіп жүрген адамдарға қатысты агрессивті әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.