Қазақстанның ЖІӨ өсімі 5 пайыздан асады – Жұманғарин 3 жылдық даму жоспарын таныстырды

2027-2029 жылдарға арналған даму жоспарында осы көрсеткіш бар

Қазақстанның ЖІӨ өсімі 5 пайыздан асады – Жұманғарин 3 жылдық даму жоспарын таныстырды
Фото: Үкімет

Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылғы ЖІӨ-ге қатысты 2,3%-дан 2029 жылы 0,4%-ға дейін қысқарады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Серік Жұманғарин 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық нұсқасын таныстырды.

Вице-премьердің айтуынша, алдағы үш жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) орташа жылдық нақты өсімі 5%-дан жоғары болады деп жоспарланып отыр.

«Номиналды ЖІӨ 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі мұнай емес секторлардағы өндірістің ұлғаюымен байланысты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен озып кететін болады. Өңдеудің өсуіне негізінен металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру салалары үлес қосады», – деді Серік Жұманғарин.

Ол атағандай, бюджет шығысы 2029 жылы 29,6 трлн теңгені құрайды.

«Мемлекеттік қаржының орнықтылығын қолдау үшін бюджет тапшылығы 2027 жылы ЖІӨ-ге қатысты 2,3% деңгейінде болады айқындалды, ал 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендейді. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 5,3%-дан 2,5%-ға дейін төмендейді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңгені, 2028 жылы 29,4 трлн теңгені және 2029 жылы 29,6 трлн теңгені құрайды», – деді Серік Жұманғарин.

Ұлттық экономика министрлігінің есептеулері бойынша республикалық бюджеттің кірістері 2027 жылы 19,9 трлн теңгені құрап, 2028 жылы 21,7 трлн теңгеге жетеді, ал 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге дейін өседі.