Елімізде онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмысының қарқыны өсті – ДСМ

Ісіктің түрі мен ерекшелігін анықтауға көмектесетін иммуногистохимиялық зерттеулердің саны да екі есеге жуық артқан

Елімізде онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмысының қарқыны өсті – ДСМ
Фото: ҚР ДСМ

Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау және дер кезінде емдеу бағытындағы жұмыс күшейіп келеді. Осы жылдың алғашқы алты айында онкологиялық скринингтен өткен адамдардың үлесі 37,6 пайыздан 41,7 пайызға дейін өскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Диагнозды нақтылау үшін қолданылатын заманауи зерттеулердің де көлемі артқан. Мәселен, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 17,4 мың ПЭТ/КТ зерттеуі жасалды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,6 пайызға көп.

Ісіктің түрі мен ерекшелігін анықтауға көмектесетін иммуногистохимиялық зерттеулердің саны да екі есеге жуық артқан. 2024 жылы мұндай 33,6 мың зерттеу жүргізілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 65,1 мыңға жетті. Мұндай талдаулар дәрігерлерге әр науқасқа тиімді емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді.

Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар үшін сәулелік терапияның заманауи түрлері де қолжетімді бола түсті. Қазір бұл еммен қамту деңгейі 65 пайызға жеткен. Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы іске қосылғаннан кейін Қазақстанда алғаш рет протондық терапия қолданыла бастады. 2026 жылдың алғашқы алты айында 3 897 протондық терапия емшарасы және 9 239 сәулелік терапия сеансы өткізілді. 2025 жылы еліміздің көптеген өңіріндегі онкологиялық орталықтар 27 млрд теңгеден астам қаржыға заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыс жалғаспақ. Қарағанды облысында жаңа ПЭТ/КТ орталығын іске қосу, дәлдігі жоғары диагностика бойынша алғашқы референс-орталықтарды ашу және өңірлердегі медициналық ұйымдарды қосымша жабдықтау  да жоспарланып отыр.