$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.08.2020, 23:25
Жаңалықтар

Түркістан халқы 20 шақты күннен бері газсыз отыр – қала әкімдігі бұған тұрғындардың өзін кінәлайды

Жоспарлы жөндеу жұмыстары бір-екі аптада бітуге тиіс болған

Түркістан халқы 20 шақты күннен бері газсыз отыр – қала әкімдігі бұған тұрғындардың өзін кінәлайды
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан қаласының екі шағын ауданында 12 көпқабатты үйдің тұрғындары 20 шақты күннен бері газсыз отыр. Azattyq Rýhy-на жағдайларын айтып шағымданған тұрғындардың айтуынша, жоспарлы жөндеу жұмыстары бір-екі аптада бітуге тиіс болған. Әкімдік те әрі кетсе 15 күнде аяқтауға уәде берген.

«Табиғи газбен сапалы және тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның өндірістік филиалы тарапынан 15-16 шілде күндері №15 автоматты газ тарату станциясының (АГРС) жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады. Осы себепті газға қосылған барлық үйлердің техникалық ақауын реттеу үшін, әр мөлтек ауданда кезек кезегімен газ беру уақытша тоқтатылатынын хабарлаймыз. Қала бойынша жөндеу жұмыстары толықтай 10-15 күн ішінде жұмыс күрделілігіне сай бітуі жоспарланған», - деп хабарлаған еді Түркістан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі 14 шілде күні.

Түркістан қаласы 1-шағын ауданның Ибадат есімді тұрғыны қазір амалсыздан газ баллон жағып отырғанын айтады. 

«Бесінші қабатта тұрамын. Өзім мүгедекпін, жақында онкологиялық ауруханадан шықтым. 17 күн болды. Әлі газ жоқ. Жөндеу жұмыстары үшін 15 күнге өшірген, әлі хабар жоқ. Бірақ басқа жерлерде 1 аптада қосыпты. Күйе-күйе болып, газ баллон жағып қиналып жатырмыз, оны әкелу де оңай емес», - деп пікір білдірді тұрғын.

Аудандағы 45-үйдің тұрғындары осы айда жарыққа екі есе ақша төлеуге мәжбүр.

«Газдың жоқтығына 20 күннен асып бара жатыр. Күн сайын тамақты «мультиваркаға» істеп жатырмыз. 3 күн құрбан айтта бауырсағымызды да пісіре алмадық. Бізге негізі жыл сайын 1 аптаға өшіреміз дейді де, 4-5 күнде бітіріп беретін. Қазір ыстық су да жоқ.  Шай қою да оңай емес. Осы айда «светке» 7200 теңгенің чегі келіпті. Бұрын 1800, кондиционер қоссақ 2700 теңге төлейтінбіз. Бәріне берді, бірақ біздің аудан әлі газсыз», - деп айтты аудан тұрғыны Әлия Базылбекова.

Аталған үйдің тағы бір тұрғыны Марина Әбжаппарова үйде ас дайындай алмай, сырттан тамақ ішіп жүргенін жеткізді.

«Газ бізде 17 күннен бері жоқ. Қызым екеуміз 10 күн бойы кафеден тамақ ішіп жүрдік. Оған керемет жағдайымыз да жоқ. Содан амалсыз Шымкентке бауырларымның үйіне уақытша кетіп қалдық. Қала берейін десем, бесінші этажға газ баллон шығаруға қорқам. Көтерілген сайын қысым жоғарылайды. Жылда 3-5 күн жөндейтін. Қазір жер үйлерге қосып, бізге қоспай жатыр», - деді М.Әбжаппарова. 

Қалалық әкімдік жұмыстың уақытылы бітпеуін пәтер иелерінің қажет уақытта үйде болмауымен түсіндіреді. 

«Мамандардың айтуынша, жұмыс күрделілігіне сай 10-15 күнде аяқталады деп жоспарланған еді. Және ол жоспар орындалды. Дегенмен, 1 және 2 мөлтек аудандарда бүгінгі күнде 12 үйге әлі газ қосылмаған. Өйткені, мамандар газды қосу жұмыстарын жүргізген уақытта тұрғын үй иелері болмаған. Десе де, мамандар күнделікті бақылау жасап тұрған. Газ және газбен жабдықтау Заңына сәйкес, мұндай жұмыстар әдетте күндізгі уақытта орындалатынын ескерсек, қызмет бабында жүрген үй иелерінде осындай жағдайлардың орын алғаны мәлім болып отыр. Сондықтан, маманмен тілдесіп (87017275425, 87710199227 нөмірлері арқылы), аталған уақытта үйде болуын өтінеміз», - делінген  баспасөз қызметінің хатында. 

Сонымен бірге әкімдік бүгін 1 мөлтек аудандағы 7 үйге газ қосылатынын хабарлады. 

Бізге сұхбат берген тұрғындар болса әкімдік уәжін жоққа шығарды.

«Карантиннің кезінде көбі үйде. Бір апта кешке дейін күтіп далада отырды. Бірақ жөндейтін адамдар келген жоқ», - деп айтты Марина Әбжаппарова.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары