Байтақтықтар Жетібайдағы мұнай қалдықтарының экологияға әсерін талқылады
Осыған қатысты тиісті шаралар қабылдау қажет
Маңғыстау облысының Жетібай ауылында жүргізілген экологиялық мониторинг мұнай қалдықтарына қатысты мәселенің бетін ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиал төрағасы Аллаберген Қонарбаев пен Қарақия аудандық филиалының жетекшісі Ағзам Жұмсақов аумақта саралау жүргізу кезінде мұнай қалдығы жиналған бөшкелерді анықтады.
Партия өкілдері иесіз қалған қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсері болуы мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан анықталған мәселені зерделеп, тиісті шаралар қабылдау қажет деп отыр.
Түйткілді бақылауға алған «Байтақ» партиясының өңірлік филиалы бұл жайлы жауапты органдарға хабарламақ. Ең әуелі облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың атына ресми хат жолданып, анықталған жағдай бойынша шара қабылдау ұсынылады.
Партия өкілдері аймақтағы экологиялық мәселелерді анықтау және олардың шешілуіне ықпал ету бағытындағы мониторинг жұмысын жалғастыра бермек.