ТЮРКПА халықаралық бақылаушылары «Байтақ» партиясының жұмысымен танысты

Тараптар сайлау процесіне қатысты пікір алмасты

ТЮРКПА халықаралық бақылаушылары «Байтақ» партиясының жұмысымен танысты
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) Сайлауды бақылау жөніндегі миссиясы  «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқосуда «Байтақ» партиясының жетекшісі халықаралық байқаушыларға жасылдар партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, партияның құрылуы мен қызметінің маңызына тоқталды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру.

Тараптар сайлау процесіне қатысты пікір алмасып, халықаралық байқаушылардың атқаратын рөліне назар аударды. Кездесуде сайлау процесінің ашықтығы мен заң талаптарына сәйкес өтуін қамтамасыз етуде тәуелсіз бақылаудың маңызы зор екені айтылды.

ТҮРКПА миссиясының құрамында Түркия, Қырғызстан және Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының өкілдері бар. Миссияны құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы, Түркия Ұлттық мәжілісінің депутаты Осман Местен басқарады.

Тараптар сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуіне мүдделі екенін айта келе өзара пікір алмасуды жалғастыруға ниеттіміз деді.