Күйеуінен кек алу үшін екі баласын буындырып өлтірген: әйел адам небәрі 13 жылға сотталды
Сырдария облысында екі баласын өлтірген әйелге үкім шықты
Өзбекстанның Сырдария облысында сот екі баласын өлтірген 32 жастағы әйелге қатысты істің нүктесін қойды. Әйел алты және төрт жастағы екі ұлын күйеуінен кек алу үшін өлтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі vaib.uz басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2026 жылдың1 ақпанына қараған түні Гүлістан ауданында болған. Отағасы жұмысынан жалға алған үйіне оралғанда, адам шошырлық жағдайға тап болған.
Үйдің іші газға толып тұрған. Үйде екі бала мен олардың анасы болған. Балаларды құтқарып қалу мүмкін болмаған, ал дәрігерлер әйелді аман алып қалды.
Бастапқыда оқиға газдан улану ретінде қарастырылған. Алайда сот-медициналық сараптама шындықты анықтады: балалар көміртек тотығынан емес, тұншықтырғаннан қайтыс болған. Яғни оларды буындырып өлтірген.
Тергеу барысында әйелдің күйеуінен кек алу мақсатында өз балаларын өлтіргені анықталды. Алдымен алты жастағы ұлын, кейін төрт жастағы баласын буындырып өлтірген.
Осыдан кейін әйел қылмысты жазатайым оқиға ретінде көрсетуге тырысқан. Ол балалардың денелерін қатар жатқызып, газ плитасы мен газ кранын ашып қойған. Осылайша олардың газдан уланып қайтыс болғанындай көрініс жасаған. Әйел күйеуіне хат қалдырып, кейін өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.
Мұндай ауыр қылмысқа не себеп болғаны туралы құқық қорғау органдары нақты мәлімет берген жоқ. Белгілі болғаны – ерлі-зайыптылар арасында отбасылық жанжалдар жиі болып тұрған. Алайда әйелдің кек алуына нақты не түрткі болғаны және оның не себепті ашуын балаларынан алғаны белгісіз.
Сот әйелді қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.