Шымкентте жастарға өз құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
Ақпараттық-құқықтық акция аясында жастарға заң талаптарын білу және өз құқықтарын қорғау тетіктері түсіндірілді
Шымкенттегі жаңадан ашылған Жапон бағында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ақпараттық-құқықтық акция өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындары мен жастарға заң талаптарын сақтау, өз құқықтарын қорғау, интернет-алаяқтықтан сақтану және құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігі түсіндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақпараттық-құқықтық акцияны Шымкент қаласындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдігі, Жастар ресурстық орталығы, қала әкімдігі, прокуратура, полиция және Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын күнделікті өмірде дұрыс қолдануға бағыт беру. Мамандар азаматтарға өз құқықтарын білудің маңызын түсіндіріп, құқық бұзушылыққа тап болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі жөнінде ақпарат берді.
Акция барысында жастардың құқықтық сауаттылығына ерекше назар аударылды. Мамандар түрлі өмірлік жағдайларда азаматтардың қандай құқықтары бар екенін, оларды қорғаудың қандай жолдары қарастырылғанын және заң талаптарын бұзған жағдайда қандай жауапкершілік көзделетінін түсіндірді. Сонымен қатар жастарға интернет кеңістігінде жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға банк картасының деректері мен құпия кодтарды бермеу қажеттігі айтылды.

Құқық қорғау және тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдеріне де тоқталды. Тұрғындарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, қаржылық операцияларды растамас бұрын ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласу жөнінде кеңес берілді.
Акция кезінде тұрғындарға құқықтық ақпараттар таратылып, түрлі мәселелер бойынша мамандардан кеңес алу мүмкіндігі ұсынылды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтарын қорғауға қатысты нақты жағдайлар бойынша түсініктеме алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары Шымкент қаласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарында да тұрақты түрде өткізіледі. Қалада шамамен 40 колледж және 9 жоғары оқу орны бар. Аталған білім беру ұйымдарында жастармен кездесулер ұйымдастырылып, оларға заң талаптары, құқықтық жауапкершілік, қауіпсіздік және құқықтарын қорғау тетіктері түсіндіріледі. Кездесулерге прокуратура, полиция және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары қатысады.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы түсіндіру жұмыстары жаңа оқу жылында да жалғасады. Әсіресе қалаға алғаш келген бірінші курс студенттеріне басымдық берілмек. Ұйымдастырушылар «Заң және тәртіп» қағидаты тек заң бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуды ғана білдірмейтінін атап өтті. Оның маңызды бөлігі – әр азаматтың өз құқығын білуі, өзгенің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі, заң талаптарын сақтауы және құқықтары бұзылған жағдайда заңда белгіленген тәртіппен тиісті органдарға жүгіне алуы.
Ақпараттық-құқықтық акция барысында берілген түсіндірулер осы бағыттағы жұмыстың бір бөлігі. Алдағы уақытта жастармен кездесулерді білім беру ұйымдарында өткізу арқылы құқықтық сауаттылықты арттыру және интернеттегі қауіптердің алдын алу бойынша жұмыстар жалғаса береді.