«Қажетті көмек көрсетіліп жатыр»: СІМ Омбыда көз жұмған Қазақстан азаматының туыстарына көңіл айтты
Қазақстан тарапы Ресейдің құзыретті органдарымен жұмыс істеп жатыр
Сыртқы істер министрлігі Омбы қаласында құрылыс алаңында шыққан өрт кезінде қайтыс болған 24 жастағы Максим Багинскийдің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 18 тамызда Омбы қаласында болған өрт салдарынан қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматы Максим Багинскийдің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Қазақстанның Омбы қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр, оның ішінде құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесу және азаматтың қаза болу мән-жайлары бойынша Ресейдің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасау жұмысы жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады СІМ.
СІМ қаза тапқан азаматтың отбасымен байланыста болып, өз құзыреті аясында қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Еске салсақ, Ресейдің Омбы қаласындағы құрылыс алаңында болған өрттен зардап шеккен екінші адам қайтыс болды. Ер адамның денесінің 70 пайызы күйіп, ол ауруханада ем қабылдап жатқан. Алайда алған ауыр жарақаттарының салдарынан көз жұмды.