Қапшағайда жүздеген адамды аман алып қалған: Қонаев әкімі құтқарушыларды алғыс хатымен ғана марапаттады (ВИДЕО)

Қонаевтың коммуналдық жағажайларында қызмет еткен құтқарушылар 200-ден астам адамның өмірін сақтап қалды

Қапшағайда жүздеген адамды аман алып қалған: Қонаев әкімі құтқарушыларды алғыс хатымен ғана марапаттады (ВИДЕО)
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Қонаев қаласының коммуналдық жағажайларында биылғы шомылу маусымында құтқарушылар 200-ден астам адамның өмірін сақтап қалды. Адамдарды ажалдан арашалаған қызметкерлердің еңбегі ерекше аталып, ең көп адамды құтқарған мамандарға қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биылғы шомылу маусымында Қонаев қаласының коммуналдық жағажайларында қызмет атқарған құтқарушылар 200-ден астам адамның өмірін сақтап қалды. Олардың әрқайсысы – дер кезінде жасалған әрекет пен кәсіби шеберліктің нәтижесі.

«Судағы төтенше жағдай санаулы секундта орын алуы мүмкін. Кей жағдайда демалушылар қауіпсіздік талаптарын елемей, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламайды. Бірінің аяғы тартылса, енді бірі тереңдікке кетіп, өздігінен жағаға шыға алмай қалады. Осындай сәттерде құтқарушылар бірден іске кірісіп, адам өмірін арашалап қалады. Осы маусымда ең көп адамды құтқарған қызметкерлердің еңбегі ерекше аталып өтті. Қала әкімінің орынбасары Марат Тұрсын оларға қала әкімінің алғыс хаттарын табыстады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Марапатталғандардың қатарында:

  • Саят Нұртай – 11 адамды құтқарған;
  • Дәулет Кумархан, Данияр Балқашұлы – 10 адамды құтқарған;
  • Самғат Сәрсек – 12 адамды құтқарған;
  • Дмитрий Зиновьев – 8 адамды құтқарған;
  • Нұрбол Маратұлы – 8 адамды құтқарған.

Марапаттау рәсімінде қала әкімінің орынбасары құтқарушылардың еңбегіне жоғары баға берді.

«Құтқарушы – қиын сәтте бірінші болып көмекке келетін, өз өміріне қауіп төнсе де, өзгенің өмірін құтқаруды басты міндеті санайтын маман. Бұл – үлкен жүрек пен жоғары кәсібилікті талап ететін жауапты қызмет. Сіздерге адал қызметтеріңіз, батылдықтарыңыз бен жоғары жауапкершіліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді Марат Тұрсын.

Марапатталған құтқарушылардың бірі – Самғат Сәрсек үшін бұл маусымдағы ең есте қалған жағдай кеше болған. №5 жағажайға демалуға келген жастардың бірі суға түскен кезде аяғы тартылып, бата бастаған. Жағдайды дер кезінде байқаған Самғат бірден суға түсіп, жас жігітті қауіпсіз жерге алып шыққан.

«Бәрі бірнеше секундтың ішінде болды. Оның қиналып жатқанын көрген бойда ойланбастан көмекке бардым. Бастысы – адамды аман алып қалу», – дейді құтқарушы.

Құтқарушылардың айтуынша, судағы қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды. Қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы – белгіленген жағажайларда шомылу, балаларды қараусыз қалдырмау және өз мүмкіндігін дұрыс бағалау.