«Таза Қазақстан»: Астанада Сарыбұлақ өзенін тазарту жұмысы жүріп жатыр
Іс-шара барысында мамандар су айдынына биологиялық препараттарды енгізу процесін көрсетті
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Сарыбұлақ өзенінің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара барысында мамандар су айдынына биологиялық препараттарды енгізу процесін көрсетті. Құрамында пайдалы микроорганизмдер бар препараттар судағы органикалық ластануды азайтуға, судың сапасын жақсартуға және су айдынының табиғи экологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіруге бағытталған.

Сонымен қатар қатысушыларға Сарыбұлақ өзенін сауықтыру бағытында қолданылатын заманауи технологиялар мен атқарылып жатқан жұмыс туралы ақпарат берілді.
Қазіргі уақытта су айдынында экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылуда. Олардың қатарында жағалау сызығы мен су айдынын санитарлық тазалау, қоқыстарды жинау, су өсімдіктерін шабу, су ағысына кедергі келтіретін бөгеттерді тазарту, тұнба шөгінділерін алып тастау, суды аэрациялау, сондай-ақ пайдалы микроорганизмдер негізіндегі биологиялық препараттарды қолдану жұмысы бар.
«Табиғи су айдындарын қалпына келтіруде биологиялық әдістердің маңызы зор. Қолданылып отырған препараттардың құрамындағы пайдалы микроорганизмдер органикалық ластануды ыдырату процестеріне ықпал етіп, судың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Биологиялық тазарту – су экожүйесінің табиғи тепе-теңдігін сақтауға бағытталған тиімді әрі экологиялық қауіпсіз тәсілдердің бірі. Сарыбұлақ өзенінде жүргізіліп жатқан жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып, механикалық тазалау, аэрация және биологиялық әдістер өзара үйлестірілуде», – деді «Astana Bioscience Business Centre» ЖШС директорының ғылым жөніндегі орынбасары Садықов Азамат.
