Шымкентте 60 жылдан астам тарихы бар балабақшаға жөндеу жүргізілді

Балабақшасда балаларға жаңа жағдай жасалды

Шымкентте 60 жылдан астам тарихы бар балабақшаға жөндеу жүргізілді
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласының Тұран елді мекеніндегі №122 «Ақ көгершін» бөбекжай-балабақшасы – 60 жылдан астам тарихы бар білім мен тәрбие ордасы. Бүгінде мұнда 345 балаға арналған 16 топ жұмыс істейді. Мекеме үшін маңызды жаңалықтың бірі – ғимараттың күрделі жөндеуден өтуі. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған балабақша ғимараты жаңартылып, балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырылды. Жөндеу жұмыстары нысанның материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Балабақша аумағы абаттандырылып, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған ойын және спорт алаңдары қажетті құралдармен жабдықталған. Бүлдіршіндер таза ауада ойнап, қимыл-қозғалыс белсенділігін арттырады. Сонымен қатар балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай түрлі ойындар мен тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруға жағдай жасалған.

Мекемеде балалардың жан-жақты дамуына бағытталған бірқатар арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Атап айтқанда, музыка, психолог, логопед, медицина және әдістемелік кабинеттер қарастырылған. Әр кабинет өз бағыты бойынша жұмыс жүргізіп, бүлдіршіндердің шығармашылық, танымдық және әлеуметтік дағдыларын дамытады.

Музыка кабинеті балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталса, психолог пен логопед мамандары психологиялық жай-күйі мен сөйлеу дағдыларын жетілдіруге көмектеседі. Медициналық кабинетте балалардың денсаулығы бақыланады. Әдістемелік кабинетте тәрбиешілердің жұмысын ұйымдастыруға қажетті материалдар жинақталған.

Балабақша меңгерушісі Жұмагүл Шегебайқызының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында балалардың тәрбиесі мен дамуына қолайлы жағдай жасалып отыр. Жаңарған орта тәрбиешілердің де жұмысын тиімді ұйымдастыруына ықпал етеді.

«Жаңарған орта – бала үшін өте маңызды. Балабақшаның күрделі жөндеуден өтуі ұжымымызға үлкен қуаныш сыйлады. Ендігі мақсатымыз – жасалған жағдайды тиімді пайдаланып, әр бүлдіршінге сапалы тәрбие мен білім беру», – дейді меңгеруші.

Алпыс жылдан астам тарихы бар «Ақ көгершіннің» жаңаруы – мекеменің жаңа кезеңге қадам басуы. Осы уақыт ішінде балабақша қабырғасында талай бала тәрбиеленіп, мектеп табалдырығын аттады. Бүгінде жаңарған ғимаратта жаңа буын бүлдіршіндерге сапалы тәрбие мен білім беруге мүмкіндік кеңейіп отыр. Жөндеуден кейінгі жайлы орта балалардың күнделікті уақытын мазмұнды өткізуіне қолайлы жағдай қалыптастырып, балабақша ұжымының жұмысын да жеңілдетті. Балабақша ұжымы қалыптасқан оқу-тәрбие жұмысын жаңа жағдайға сай жалғастырып, балалардың күнделікті өмірін мазмұнды ұйымдастырып келеді.