Қазақстан Орталық Азияда көш бастады: еліміздің экономикалық артықшылығы неде
Оның айтуынша, 62,9 балл – Қазақстанның әлеуеті жоғары екенін, бірақ әлі толық пайдаланылмағанын көрсететін орташа деңгейдегі нәтиже
Қазақстан Global Relocation Index-тің 2026 жылғы рейтингінде 192 елдің ішінде 77-орынға жайғасып, 62,9 балл жинады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында көш бастап тұр. Индекс елдің шетелдік азаматтар үшін өмір сүру, жұмыс істеу және бизнес жүргізу қаншалықты қолайлы екенін бағалайды. Қазақстанның өңірдегі экономикалық артықшылықтары қандай, рейтинг елдің инвестициялық тартымдылығы мен шетелдік мамандарды тарту мүмкіндігіне қалай әсер етеді? Қазақстанның өңірлік экономикалық орталық ретіндегі әлеуеті және ел алдында тұрған міндеттер туралы экономист Динара Мамырбекова айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
– Rumavi агенттігінің Global Relocation Index рейтингінде Қазақстан 62,9 балл жинап, 192 елдің ішінде 77-орынға ие болды. Экономист ретінде бұл көрсеткішті Қазақстан экономикасының тартымдылығы тұрғысынан қалай бағалайсыз?
– Rumavi Global Relocation Index 2026 Қазақстанды 192 елдің ішінде 77-орынға, 62,9 баллмен орналастырды. Индекс 24 көрсеткішті қамтиды: өмір сүру құны, салықтар, тұрғын үй қолжетімділігі, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, құқық үстемдігі, визалық жағдай, бизнес мүмкіндіктері, тілдік орта және т.б. Бұл көрсеткішті Қазақстан экономикасының тартымдылығы тұрғысынан ортадан жоғары емес, бірақ әлеуеті бар позиция деп бағалауға болады.
Бір жағынан, Қазақстанның маңызды артықшылығы өмір сүру құны мен тұрғын үйдің салыстырмалы қолжетімділігі. Бұл шетелдік мамандар, цифрлық көшпенділер және кәсіпкерлер үшін белгілі бір экономикалық артықшылық береді. Мысалы, кәсіпкерлерге арналған жеке рейтингте Қазақстан 60,6 баллмен 68-орында, ал цифрлық көшпенділер арасында 60-орында тұр.
Екінші жағынан, 77-орын Қазақстанның әлі де жаһандық капитал мен адами ресурстар үшін бірінші таңдаулы бағытқа айналмағанын көрсетеді. Rumavi әлсіз жақтар ретінде ағылшын тілінің қолжетімділігін, стартап-экожүйенің әлі қалыптасу кезеңінде екенін және климаттық жағдайларды атап өтеді.
Меніңше, бұл рейтингке «Қазақстан өмір сүруге қолайсыз» деген баға ретінде емес, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған индикатор ретінде қарау керек. Себебі қазіргі экономикада инвестор үшін тек салық мөлшері немесе ЖІӨ көлемі маңызды емес. Адам капиталы, қауіпсіздік, білім беру, медициналық қызмет, цифрлық инфрақұрылым, тілдік орта және бизнес жүргізудің жеңілдігі де инвестициялық тартымдылықтың бөлігіне айналды.
Сондықтан Қазақстан үшін негізгі міндет — қолжетімді ел болудан тартымды ел болуға өту. Яғни арзан еңбек ресурсы немесе төмен шығын ғана емес, жоғары білікті мамандарды тартатын, инновациялық кәсіпкерлікке жағдай жасайтын және шетелдік инвесторға ұзақ мерзімді тұрақтылық ұсынатын экономика қалыптастыру қажет.
Қорытындылай айтқанда, 62,9 балл — Қазақстанның әлеуеті жоғары екенін, бірақ әлі толық пайдаланылмағанын көрсететін орташа деңгейдегі нәтиже. Егер Қазақстан адами капиталдың сапасын, ағылшын тіліндегі орта мен білімді, инновациялық экожүйені, құқықтық тұрақтылықты және өмір сапасын жақсартса, бұл көрсеткішті айтарлықтай көтеруге болады. Ал бұл, өз кезегінде, шетелдік инвестиция мен таланттарды тартуға оң әсер етеді.
– Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстанның өңірдегі өзге елдерден артықшылығы неде?
– Экономист ретінде мен Қазақстанның Орталық Азиядағы артықшылығын бір ғана факторға емес, экономиканың ауқымы, ресурстық базасы, инвестициялық тәжірибесі және географиялық орналасуының үйлесуіне байланыстырар едім.
Біріншіден, Қазақстан — Орталық Азиядағы ең ірі экономика. 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі бүкіл Орталық Азия экономикасының шамамен 57,8%-ын құрады. Бұл елге өңірдегі ең ірі нарықтардың бірі болуға, инвестициялық жобаларды масштабтауға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, Қазақстанның табиғи ресурстық базасы өте мықты. Мұнай, газ, уран, мыс, көмір және басқа да пайдалы қазбалардың қоры елдің экспорттық әлеуетін қалыптастырып отыр. Бірақ бүгінгі таңда маңызды мәселе — осы ресурстық артықшылықты өңдеуші өнеркәсіпке, жаңа технологияларға және жоғары қосылған құнды өндірістерге айналдыру.
Үшіншіден, Қазақстанның ерекше артықшылығы — географиялық орналасуы. Біз Қытай мен Еуропаның арасында орналасып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Солтүстік-Оңтүстік және басқа да дәліздер арқылы транзиттік хабқа айналу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. 2025 жылы Қазақстан арқылы транзиттік жүк көлемі 36,9 млн тоннаға жетіп, бір жылда 6,6% өскен.
Төртіншіден, Қазақстанның инвестициялық тәжірибесі мен халықаралық экономикалық байланыстары кең. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 22,7 трлн теңгеге жетіп, 13% өсті. Ал UN ESCAP деректеріне сәйкес, Қазақстан 2025 жылы Солтүстік және Орталық Азияда жаңа greenfield-жобаларға тартылған инвестиция көлемі бойынша көшбасшы болды. Сондықтан мен Қазақстанның басты артықшылығын «ресурс + нарық + география + инвестициялық инфрақұрылым» деп атар едім.
Қазақстанның келесі кезеңдегі міндеті — шикізаттық артықшылықтан технологиялық және адами капиталға негізделген артықшылыққа көшу. Яғни өңірдегі бәсекелестік енді тек мұнай немесе табиғи ресурстар үшін емес, инвестиция, талант, технология және инновация үшін жүреді. Сондықтан Қазақстанның Орталық Азиядағы бірінші позициясын мен қазіргі экономикалық әлеуеттің нәтижесі ғана емес, оны сапалы жаңа деңгейге көтеруге берілген мүмкіндік деп бағалар едім.
– Индекс 24 жеке көрсеткішке негізделген. Осы көрсеткіштердің ішінде Қазақстанның экономикалық тұрғыдан жоғары бағалануына ықпал ететін негізгі факторлар қандай деп ойлайсыз?
– Бұл көрсеткіштерді Қазақстанның экономикалық тартымдылығын қалыптастыратын бірнеше негізгі артықшылықпен байланыстырар едім.
Ең алдымен, өмір сүру құны мен тұрғын үйдің салыстырмалы қолжетімділігі маңызды фактор. Қазақстанда шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер үшін күнделікті шығындардың бірқатар елдермен салыстырғанда қолжетімді болуы елдің тартымдылығын арттырады.
Екіншіден, салықтық және қаржылық орта. Қазақстанда бизнесті жүргізуге мүмкіндік беретін қалыптасқан қаржы және банк жүйесі бар. Бұл кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін маңызды факторлардың бірі.
Үшіншіден, Қазақстанның табиғи-ресурстық әлеуеті ерекше орын алады. Мұнай, газ, уран, түсті және сирек кездесетін металдар сияқты ресурстар ел экономикасының маңызды тірегі болып отыр. Сонымен қатар бүгінгі міндет — осы шикізаттық әлеуетті жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыру.
Төртіншіден, географиялық орналасуымыздың стратегиялық маңызы зор. Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық кеңістікте орналасқан. Бұл транзитті, сауданы және жаңа инвестициялық жобаларды дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, цифрландыру деңгейі мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі де Қазақстанның артықшылықтарының бірі. Бұл бизнесті тіркеу, мемлекеттік қызметтерді алу және күнделікті экономикалық процестерді жеңілдетуге ықпал етеді.
Менің ойымша, осы факторлардың барлығын біріктіретін басты артықшылық — Қазақстанның «ресурс + география + инфрақұрылым + адам капиталы» мүмкіндіктерінің тоғысында орналасуы. Сондықтан Қазақстанның бүгінгі артықшылығы — оның әлеуетінде болса, ертеңгі бәсекелік артықшылығы сол әлеуетті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымызға байланысты.
– Егер Қазақстанның Орталық Азиядағы бірінші орнын жеке қарастыратын болсақ, бұл көрсеткіш елдің өңірлік экономикалық орталық ретіндегі рөлі туралы қандай қорытынды жасауға мүмкіндік береді?
– Бұл нәтижені Қазақстанның біртіндеп өңірлік экономикалық орталық ретіндегі позициясын нығайтып келе жатқанын білдіреді деп бағалауға болады. Бұған ең алдымен ел экономикасының ауқымы, табиғи ресурстық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері және қолайлы географиялық орналасуы әсер етеді. Қазақстан Қытай, Ресей және Еуропа нарықтарын байланыстыратын маңызды кеңістікте орналасқан. Сондықтан оның транзиттік-логистикалық мүмкіндігі де, өңірлік саудадағы рөлі де артып келеді. Сонымен қатар Қазақстанның артықшылығы тек өз экономикасының көлемімен шектелмейді. Ел капитал, тауар, технология және іскерлік байланыстардың өңірлік тоғысу нүктесіне айналу әлеуетіне ие. Бұл өз кезегінде Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді. Дегенмен, көшбасшылық позицияны сақтау үшін Қазақстанға экономиканы әртараптандыру, өңдеуші секторды дамыту, жеке инвестицияларды арттыру, адами капиталдың сапасын көтеру және инновациялық кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру маңызды. Сондықтан бұл көрсеткішті мен Қазақстанның өңірдегі экономикалық орталық ретіндегі әлеуетінің мойындалуы деп бағалар едім. Ендігі міндет — осы әлеуетті нақты экономикалық нәтижеге айналдырып, Қазақстанды Орталық Азиядағы ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі сауда, инвестиция және логистика үшін тартымды хабқа айналдыру.
– Бұл рейтингтегі Қазақстанның нәтижесі шетелдік мамандар мен кәсіпкерлердің елге келуіне экономикалық тұрғыдан қандай мүмкіндіктер береді?
– Егер осы рейтингтің нәтижесін Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері тұрғысынан кеңірек қарастыратын болсақ, оның маңызы тек елдің халықаралық имиджімен шектелмейді. Шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер үшін Қазақстанның тартымдылығы артса, бұл ең алдымен адам капиталының, инвестицияның және жаңа технологиялардың келуіне жол ашады.
Қазақстанның 192 елдің ішінде 77-орынға орналасуы елдің өмір сүру және экономикалық қызмет жүргізу үшін белгілі бір деңгейде қолайлы орта қалыптастырғанын көрсетеді. Ал Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бірінші орын Қазақстанның өңірдегі экономикалық мүмкіндіктері мен бәсекелік артықшылықтарын айқындай түседі.
Мұның бірнеше маңызды экономикалық әсері бар.
Біріншіден, бұл адами капиталды тартудың мүмкіндігі. Жоғары білікті шетелдік маман елге келген кезде тек еңбек ресурсы ретінде қарастырылмайды. Ол өзімен бірге жаңа білім, халықаралық тәжірибе, технологиялық дағдылар мен басқару мәдениетін алып келеді. Әсіресе IT, инженерия, қаржы, ғылым, медицина және жоғары технология салаларында мұндай мамандардың келуі жергілікті кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Екіншіден, шетелдік кәсіпкердің келуі инвестициядан әлдеқайда кең экономикалық әсер береді. Кәсіпкер капиталымен бірге жаңа бизнес-модель, технология, халықаралық серіктестік және нарыққа шығу тәжірибесін алып келеді. Оның айналасында жергілікті компаниялармен кооперация қалыптасып, жаңа жұмыс орындары мен салық түсімдері пайда болады.
Үшіншіден, бұл Қазақстанның өңірлік бизнес-хаб ретіндегі әлеуетін күшейтеді. Егер шетелдік кәсіпкер Қазақстанды тек өз нарығына емес, бүкіл Орталық Азияға шығудың ыңғайлы нүктесі ретінде қарастыра бастаса, еліміздің транзиттік және инвестициялық артықшылықтарының экономикалық қайтарымы артады.
Мемлекеттің өзі де бұл бағытқа басымдық беріп отыр. 2026 жылғы жаңа көші-қон саясаты Қазақстанды шетелдік инвесторлар, жоғары білікті мамандар мен таланттарды тартатын өңірлік хабқа айналдыруды көздейді. Оның аясында «Алтын виза», e-Residency, Digital Nomad Residency және иммиграциялық рәсімдерді «бір терезе» қағидаты бойынша цифрландыру сияқты тетіктер қарастырылған.
Меніңше, бұл жерде ең маңызды мәселе — шетелдік маман мен кәсіпкерді тарту ғана емес, оны Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімге байланыстыру. Яғни ол мұнда уақытша жұмыс істеп кетпей, компания ашып, инвестиция салып, жергілікті мамандарды оқытып, ғылыми-зерттеу немесе технологиялық жобаларды іске асыруы керек.
Сондықтан рейтингті Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктердің индикаторы ретінде қарастыруға болады. Оның нақты нәтижесі шетелдік азаматтардың санының өсуімен ғана емес, қанша инвестиция келгенімен, қанша жаңа жұмыс орны құрылғанымен, қандай технологиялар енгізілгенімен және жергілікті бизнестің қаншалықты дамығанымен өлшенуі тиіс. Қысқаша айтқанда, Қазақстанның рейтингтегі жоғары позициясы елге капиталды ғана емес, капиталмен бірге келетін білімді, технологияны және жаңа экономикалық байланыстарды тартуға мүмкіндік береді. Ал бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық орталық ретіндегі рөлін күшейтетін маңызды факторлардың бірі.
Қорытындылай келе, Қазақстанның Global Relocation Index рейтингіндегі нәтижесі елдің экономикалық және инвестициялық тартымдылығының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстанның Орталық Азиядағы бірінші орнына экономика ауқымы, табиғи ресурстар, стратегиялық географиялық орналасу, көлік-логистикалық әлеует және инвестициялық мүмкіндіктер сияқты факторлар негіз болып отыр.Сонымен бірге бұл нәтиже Қазақстанның алдында әлі де үлкен мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет — ресурстық артықшылықтарды адами капиталмен, инновациямен, жоғары технологиямен және қолайлы бизнес ортамен ұштастыру. Шетелдік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту арқылы елге тек капитал емес, жаңа білім, технология, басқару тәжірибесі және халықаралық байланыстар келеді деп ойлаймын.