Бас сүйегі сынып, миы шайқалған: прокурор Ұлдана Мырзуанның өліміне байланысты МИБ төрағасына қатысты айыптауды оқыды

Ол жұмысына қатысты салғырттық танытты деп айыпталып отыр 

Бас сүйегі сынып, миы шайқалған: прокурор Ұлдана Мырзуанның өліміне байланысты МИБ төрағасына қатысты айыптауды оқыды
Фото: Azattyq Ruhy

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы тұрғын үйдің қасбеті құлап, фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына және бірнеше адамның ауыр жарақат алуына байланысты қылмыстық іс бойынша прокурор Серікова Саяжан сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Айыптау актісіне сәйкес, оқиға болған күні Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы қызметін Сәуле Жұбаниязова атқарған. Тергеу анықтағандай, ғимаратты 2017 жылы тексерген «Астана Крылосервис» ЖШС қорытындысы бойынша үйдің тозу деңгейі 31%-ды құрап, қасбет пен шатырға жөндеу жүргізу қажеттілігі белгіленген. Алайда, Жұбаниязова бұл құжаттан хабардар бола тұра, өз міндеттеріне салғырт қарап, қасбеттің техникалық жағдайын бақыламаған және апаттық учаскелерді анықтау бойынша тиісті шаралар қабылдамаған», - деді прокурор.

Оның айтуынша, сот құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысы бойынша қасбеттің бұзылуы кенеттен емес, ұзақ уақыт бойы біртіндеп дамыған. 

«Жылдар бойы пайда болған жарықшақтар мен қабырға қаптамасының босауы дер кезінде жүргізілген визуалды тексеру кезінде-ақ анықталуы мүмкін еді. Осы бейжайлықтың салдарынан 2025 жылдың 8 қарашасында сағат 10:40 шамасында ғимарат қасбетінің қаптамасы құлап түскен. Оқиға орнында болған тұрғындар Ж.С. Қалиев пен А.С. Нұрпейісова ауыр бас-ми жарақатын алып, денсаулықтарына ауыр зиян келтірілді. Ең ауыр зардап алғашқы медициналық көмек көрсетуге келген жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанға тиді. Жарақат алғандарға көмектесіп жатқан сәтте қасбеттің қалған бөліктері қайта құлап, ол бас сүйегінің сынуы мен ми шайқалуы диагнозымен ауруханаға түсті. Ол есін жинамастан емдеу мекемесінде қайтыс болды», - деді ол. 

Мемлекеттік айыптаушы Сәуле Жұбаниязованы ұйымда басқарушылық функцияларды орындайтын тұлға ретінде өз міндеттерін тиісінше орындамай, абайсызда адам өліміне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырды деп айыптады. 

Оның бұл әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша сараланып отыр.