ЖСДП Семейде қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет сапасына назар аударды
Кездесуге қатысушылар қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызмет тек күнделікті күтіммен шектелмей, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет екенін айтты
Семейдегі қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сарманов қызметкерлермен және әлеуметтік қызмет алушылармен кездесті. Кездесу барысында мекемедегі тұрғындардың жағдайымен танысып, оларға көрсетілетін әлеуметтік және медициналық көмектің сапасына қатысты ұсыныстар тыңдалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік қызмет алушылар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық көмекке қолжетімділік, тамақтану сапасы, тұрмыстық жағдай және бос уақытты ұйымдастыру мәселелері бойынша пікірлерін айтты. Сонымен қатар мәдени және оңалту шараларын өткізу, мекеме аумағында кедергісіз орта қалыптастыру қажеттігі сөз болды.
Кездесуге қатысушылар қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызмет тек күнделікті күтіммен шектелмей, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет екенін айтты.
ЖСДП өкілдері әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың ұсыныстарын ескерудің маңызын атап өтті. Партияның әлеуметтік бағыттағы ұстанымдары аясында мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілетіні айтылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, әлеуметтік қызмет алушылар мен мекеме қызметкерлері өз ұсыныстары мен ескертулерін жеткізді. Айтылған мәселелер әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды қалыптастыру кезінде ескерілетіні айтылды.