Семейде ЖСДП әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек жағдайына қатысты ұсыныстарын тыңдады
Ұжымның айтуынша, әлеуметтік сала мамандарының жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді
Семейдегі медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сармановпен кездесуде өздерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына қатысты ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұжымның айтуынша, әлеуметтік сала мамандарының жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қызметкерлер қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға күнделікті күтім көрсетіп, медициналық және әлеуметтік көмек ұйымдастыратындықтан, олардың еңбекақысы мен әлеуметтік кепілдіктері де осы жүктемеге сай болуы қажет.
Кездесуде жалақы деңгейін көтеру, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік сала қызметкерлеріне берілетін кепілдіктерді күшейту мәселелеріне назар аударылды. Қызметкерлер әділ еңбек жағдайы мен өз құқықтарын қорғауға қатысты нақты ұсыныстарын айтты.
ЖСДП өкілдері әлеуметтік қызмет алушылардың жағдайын жақсарту үшін осы салада еңбек ететін мамандардың мәселесін де қатар қарастыру қажет екенін жеткізді. Партия өкілдерінің пікірінше, әлеуметтік қызметтің сапасы оны көрсететін мамандардың еңбек жағдайымен тікелей байланысты.
Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сарманов әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдап, еңбекақы, еңбек кепілдіктері мен қызметкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді жүйелі түрде қарастыру қажеттігін айтты.
Кездесу соңында қызметкерлердің ұсыныстары жинақталды. Олардың қатарында еңбекақыны арттыру, әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін күшейту, сондай-ақ әлеуметтік сала мамандарының еңбек құқықтарын қорғауға қатысты ұсыныстар бар.