Үрлемелі қайық аударылып қалған: Каспий теңізінде үш адамды іздеу жұмысы түні бойы жүргізілді

Екі ер адам жағадан 10 шақырым жерден табылды

Жаңаөзен қаласының үш тұрғыны «Кендірлі» демалыс базасы маңында үрлемелі қайықпен суға түсіп, қауіпке тап болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға болған күні кешкі уақытта 112 пультіне шамамен екі сағат бұрын үрлемелі қайықпен теңізге шыққан үш ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Кейін олардың қайығы аударылып кеткені белгілі болды.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің күштері мен құралдары жедел жіберілді. Іздеу жұмысы барысында құтқарушылар ер адамдардың бірін өз бетімен жағалауға қарай жүзіп келе жатқан жерінен тапқан. Оны қайыққа көтеріп, жағаға жеткізді.

Қалған екі ер адамды іздеу түнгі уақытта да жалғасты. Іздеу жұмысына қараңғы түсуі және су айдынының аумағының үлкен болуы кедергі келтірді. Іздеу жұмысы бірден төрт секторда әртүрлі бағыт бойынша жүргізілді.

Осы уақытта әлеуметтік желілерде жоғалған 1996 және 1999 жылы туған азаматтардың туыстары еріктілерді іздеу жұмысына қосылуға шақырды. Олар қайық, дрон және жол талғамайтын көліктермен көмек көрсетуді сұрады.

Құтқарушылар теңіз акваториясының 20 шақырымнан астам аумағын тексерді. Әуеден 70 шақырымнан астам аумақ шолынды. Нәтижесінде қалған екі ер адамды іздеу тобы жағалаудан 10 шақырым жерден аман-есен тапты.

Іздеу-құтқару жұмысына Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары, ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері және еріктілер жұмылдырылды. Сонымен қатар «Қазавиақұтқару» тікұшағы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды.