Tech Orda: қазақстандықтар сұранысқа ие IT мамандықтарын меңгере алады
Tech Orda – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Astana Hub бағдарламасы
Astana Hub Tech Orda бағдарламасының бесінші, мерейтойлық маусымына өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды. Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтары еліміздің барлық өңіріндегі аккредиттелген IT-мектептерде оқуға арналған ваучер алып, ең сұранысқа ие цифрлық мамандықтардың бірін меңгере алады Azattyq Rýhy.
Бағдарлама аясында қатысушылар офлайн форматтағы оқу үшін 500 000 теңгеге дейін, ал онлайн немесе гибридті форматтағы оқу үшін 400 000 теңгеге дейін номиналды ваучер ала алады.
Tech Orda – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Astana Hub бағдарламасы. Ол білікті IT-мамандарды даярлауға және еліміздегі жеке IT-білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
«Технологиялар саласындағы адами капиталды дамыту – Қазақстанның цифрлық трансформациясының негізгі басымдықтарының бірі. Tech Orda бағдарламасы қазақстандықтарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, ал бизнеске білікті кадрларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламаларға сұраныстың жоғары екенін көріп отырмыз және адамдардың IT саласында карьера құруына әрі елдің инновациялық экономикасын дамытуға ықпал ететін бастамаларды қолдауды жалғастырамыз», – деді премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Оқу цифрлық индустрияның ең сұранысқа ие бағыттары бойынша қолжетімді: жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, деректерді талдау, Cloud & DevOps, GameDev, өнім менеджменті, UI/UX-дизайн және басқа да мамандықтар.
Бағдарлама іске асырылған 2021-2026 жылдар аралығында 12,5 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Мониторинг нәтижелері бойынша экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан, ал олардың орташа жалақысы 725 мың теңгені құрайды, бұл елдегі орташа айлық жалақыдан шамамен 43%-ға жоғары. Сондай-ақ 3,2 мыңнан астам адам Tech Orda бағдарламасының арқасында мамандығын өзгертіп, IT саласында мансабын бастады.
Бағдарлама түлектерін 1 287 компания жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Finance, Kolesa Group, Kcell, EPAM Kazakhstan, Yandex, Wolt, 2GIS, Deloitte, KPMG, EY және Accenture сияқты жетекші компаниялар бар. Бағдарламаға қатысатын IT-мектептердің 30%-дан астамы өңірлік мектептер, бұл еліміздің барлық өңірінде сапалы IT-білімге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 7 қыркүйекке дейін ашық. Қатысу шарттары, аккредиттелген мектептердің тізімі және тіркелу туралы толық ақпарат Astana Hub платформасында қолжетімді: https://astanahub.com/ru/techorda/course/. Қосымша ақпаратты таңдаған IT-мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы алуға болады.