«Заң алдында бәрі тең»: мәдениет және ақпарат министрі БАҚ өкілдері мен блогерлерге үндеу жасады

Блогерлер мен журналистер заң аясында өз қызметін істеуге құқылы

«Заң алдында бәрі тең»: мәдениет және ақпарат министрі БАҚ өкілдері мен блогерлерге үндеу жасады
Фото: gov.kz

Сайлауалды науқан кезінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты туындаған сауалдарға байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр өз сөзінде журналистер мен блогерлердің заң аясында өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге толық құқылы екенін атап өтті.

«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы.

Бұл ретте журналистер де, блогерлер де адамның келісімінсіз мынадай үш жағдайда түсірілім жүргізе алады:

  • Егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;
  • Егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда;
  • Егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса.

Сонымен қатар, Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа жеке тоқталды.

Министрдің айтуынша, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген тұлғаларға ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді.

«Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет де мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес», - деді министр.

Оның сөзінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін және министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді. Уәкілетті орган ретінде министрлік сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсететінін жеткізді.

Бұл мәселелер Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан бүгінгі уақытта ерекше мәнге ие. Елімізде жаңа Конституция қабылданып, негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды, алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр.

Мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтармен қатар, әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілігі де тұруы тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі. Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең.

Осы ұстаным «Заң мен тәртіп» қағидатының мазмұнын айқындайды. Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді. Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс.

Сонымен қатар, министр «Адал азамат» құндылықтарының маңызы артып келе жатқанын, жаңа саяси кезең жоғары азаматтық жауапкершілік пен кемелдікті талап ететінін атап өтті.

Журналистер мен блогерлер үшін аса маңызды тағы бір қағидат таратылатын ақпараттың анықтығын міндетті түрде тексеру.

Аида Балаева әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды.

Алайда заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату аса маңызды екенін ескертті. Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуі тиіс.

Сөз бостандығы мен жауапкершілік – бірін-бірі толықтыратын ұғымдар. Министр БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.