Балабақша, мектеп, колледж: Қарағанды облысында білім саласын қандай өзгерістер күтіп тұр

Әр жаңа жоба бойынша нақты мақсат, мерзім, жауапты тұлға және күтілетін нәтиже белгіленеді

Балабақша, мектеп, колледж: Қарағанды облысында білім саласын қандай өзгерістер күтіп тұр
Фото: gov.kz

Қарағанды облысында жаңа оқу жылында білім беру саласы бірнеше бағытта жаңарады. Балабақшадағы орын санын арттыру, мектептерді жаңғырту, ауыл балаларының қосымша білім алу мүмкіндігін кеңейту, колледждерде еңбек нарығына қажет мамандар даярлау – алдағы кезеңнің негізгі міндеттері. Бұл туралы Қарағандыда өткен дәстүрлі тамыз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Балабақшадағы орын көбейеді

Жыл соңына дейін облыстағы мектепке дейінгі ұйымдарда 2 мыңға жуық жаңа орын ашылады. Теміртауда 320 орындық балабақша, Балқашта мектепке дейінгі тағы екі ұйым салынбақ. Қарағандының «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында жеке инвесторлар әрқайсысы 280 балаға арналған екі балабақша тұрғызып жатыр.

Мектепке дейінгі білімде ваучерлік қаржыландыруды да кеңейту жоспарланған. Қазір бұл тетік Қарағанды қаласында жұмыс істеп тұр. Енді оны облыстың басқа аумақтарына енгізу көзделген.

Қосымша білім беруде де ваучерлік жүйе қолданылып жатыр. «Бір бала – бір ваучер» қағидаты балалардың үйірмелер мен секцияларға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл балаларының қосымша білім алуына да басымдық берілмек. Ол үшін жалпы білім беретін мектептердің базасын пайдаланып, үйірмелер мен секциялардың санын көбейту жоспарланып отыр.

Мектептер жаңартылады

Қазір Қарағанды облысындағы 421 мектепте 174 мыңнан астам бала білім алады. Алдағы екі жылда реновация бағдарламасы бойынша 51 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Пәндік кабинеттердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы 90 пайызға жеткен. Ал 220 мектепте робототехника зертханалары жұмыс істейді.

Білім беру нысандарындағы қауіпсіздікке де көңіл бөлінген. Барлық мектеп бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен және турникеттермен жабдықталған. Мектептерде мамандандырылған күзет қызметі де бар.

Үш ауысымды оқыту мен апатты мектептер мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. «Гүлдер» шағын ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қарағандыдағы №44 және №51 апатты мектептердің орнына жаңа ғимараттар салу жұмысы жалғасып жатыр.

Балаларға біліммен қатар жаңа мүмкіндік беріледі

Облыста мамандандырылған білім беру ұйымдарының мүмкіндігін кеңейту жоспарланған. «Мұрагер» мектеп-интернатында жаңа жатақхана салынып жатыр. Нұрмақов атындағы мектепте, «Дарын» мектебінде және «Білім-Инновация» лицейінде кеңейту жұмысы жүргізіледі.

Қосымша білім беру орындарының желісі де кеңейеді. Майқұдықта Балалар шығармашылығын дамыту орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Осындай орталық «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында да ашылмақ. Ауылдарда да жаңа нысандар пайда болады. Нұра кентіндегі Өнер үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Қарқаралыда Оқушылар сарайын салу жоспарланып отыр.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға да жаңа тәсілдер енгізілуде. Қарқаралыда шілде айынан бері төрт ауысымға арналған Qarqaraly Go этнолагері жұмыс істеп келеді. Нұра ауданында NomadNura Next этнолагерінің құрылысы аяқталуға жақын.

Колледждер еңбек нарығына қажет мамандарды даярлайды

Өзгеріс мектеппен ғана шектелмейді. Колледждерде маман даярлау тәсілі де жаңарып жатыр. Қарағанды облысының колледждерінде кластерлік модель енгізілуде. Бұл жүйе бойынша колледждер, кәсіпорындар, салалық ұйымдар мен құзыреттілік орталықтары бірлесіп жұмыс істейді. Қазір өңірде құрылыс кластері мен IT-альянс құрылған.

Мұндай тәсіл студентке теориялық біліммен қатар болашақ жұмыс орнының нақты талаптарын оқу кезінде меңгеруге мүмкіндік береді. Қазір облыста 37 колледж, 464 кәсіпорын және 8 мыңға жуық студент дуальды оқыту жүйесіне қатысып отыр.

«Біз үшін басты нәтиже – диплом алу фактісінің өзі емес, түлектің кепілді түрде жұмысқа орналасуы, маманның еңбек нарығында сұранысқа ие болуы және жұмыс орнында орнығуы», – деді Дулат Жекебаев.

Өңірдегі жеті колледж халықаралық аккредиттеуден өткен. WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионатында Қарағанды облысының құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орын алып, бес алтын және жеті күміс медаль иеленді. Ал облыстың екі студенті WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатында Қазақстан атынан өнер көрсететін ұлттық құрама сапына енді.

Білім беру жүйесі бір жоспарға біріктіріледі

Жаңа оқу жылында облыстың білім саласындағы негізгі міндеттері бір кешенді жоспарға біріктіріледі. 2026-2027 оқу жылына арналған жоспардың орындалуын үйлестіру үшін жобалық кеңсе құрылады. Әр жоба бойынша нақты мақсат, мерзім, жауапты тұлға және күтілетін нәтиже белгіленеді.

«Жаңа оқу жылындағы басты міндет – әр жобаның сапалы, үйлесімді әрі тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Басқарушылық шешімдер білім беру сапасынан және ең бастысы, балаларымыздың білім нәтижелерінен нақты көрініс табуы керек», – деді Дулат Жекебаев.

Осылайша жаңа оқу жылында Қарағанды облысының білім беру саласында негізгі назар инфрақұрылымды жаңартумен қатар, баланың балабақшадан бастап мектепке, одан колледжге дейін сапалы білім алуына жағдай жасауға және алған білімін еңбек нарығында пайдалануына аударылмақ.