Respublica өкілдері Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы жұмысшыларымен кездесті
Құрылысшылардың өзекті мәселелері де назардан тыс қалған жоқ
Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Батыс Қазақстан Құрылыс материалдары корпорациясы» ЖШС-не барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов, Құрылтайға кандидаттар Динара Наумова, Тахмина Нағұманова және Зүлфия Оразғалиева ұжыммен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның басты бағыттарын таныстырды.
Кәсіпкерлікті қолдау мен бизнеске шамадан тыс қысым жасамау мәселесіне Айтуар Қошмамбетов ерекше тоқталды. Ол Respublica-ның оңайлатылған салық режимін сақтап қалуға және шағын және орта бизнесті тұншықтырып жатқан тексерулерді шектеуге қол жеткізгенін еске салды.
«Заңдар кәсіпкерлерге жұмыс істеуге жағдай жасауы тиіс, аяқтан шалу емес», — деді ол.
Динара Наумова әлеуметтік әділеттілік пен инклюзия мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, партия мүгедектігі бар азаматтарға қатысты заңнамалық түзетулерге бастамашы болып, вейптерге тыйым салуға, шағын несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді шектеуге және лудоманияға қарсы жүйелі күрес жүргізуге қол жеткізген. Құрылтайда да осы бағыттағы жұмысты жалғастыру әрбір азамат мәртебесіне, мүмкіндігіне қарамастан мемлекет тарапынан қолдау сезінуі үшін деп атап өтті.
Құрылысшылардың өзекті мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Кәсіпорын қызметкерлері шикізат пен энергия тасымалдаушылар бағасының үздіксіз өсуі, жеткізу қымбаттап, логистикалық тізбектердің бұзылуы, экологиялық талаптардың қатаңдығы және білікті мамандардың жетіспеушілігі саланың дамуын тежеп тұрғанын жеткізді.
Партия өкілдері көтерілген мәселелер заңнамалық тұрғыдан мұқият сараланып, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді. Respublica бағдарламасында өнеркәсіпті қолдау, отандық тауар өндірушіні қорғау және қазақстандық кәсіпорындардың өркендеуіне жағдай жасау басым бағыттардың бірі болып қала бермек.