Павлодар маңында суға батып кеткен 19 жастағы жігіттің денесі екі күннен кейін табылды

Жас жігіттің жоғалып кеткені туралы құтқарушыларға 11 тамыз күні хабарланған

Павлодар маңында суға батып кеткен 19 жастағы жігіттің денесі екі күннен кейін табылды
Фото: irbis tv

Павлодар маңында суға түсіп, жоғалып кеткен 19 жастағы жігіттің денесі екі тәуліктен кейін табылды. Ол Жанауыл ауылының маңынан табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі irbistv.kz сайтына сілтеме жасап.

Жас жігіттің жоғалып кеткені туралы құтқарушыларға 11 тамыз күні таңғы сағат 05:37-де хабарланған. Куәгерлердің айтуынша, ол суға түсіп, қайта оралмаған.

«Іздеу жұмысы барысында сүңгуірлер 80 рет суға түсті. 13 тамызда іздеу жұмысы кезінде құтқарушылар Жанауыл ауылының маңынан 2007 жылы туған ер адамның денесін судан тауып, алып шықты», – деп хабарлады Павлодар облысының ТЖД.

Іздеу жұмысына сегіз құтқарушы жұмылдырылды. Олар үш жүзу құралын және эхолотты пайдаланды.

Айта кетейік, осыған дейін Павлодарда ер адам Ертіс өзеніне батып кеткені хабарланған.