«Бордюр мен автобус арасынан өтпек болған»: елордада самокат мінген жасөспірім автобустың астына түсті

Полиция тексеріс жүргізеді

«Бордюр мен автобус арасынан өтпек болған»: елордада самокат мінген жасөспірім автобустың астына түсті
Фото: видеодан скриншот

Астананың Түркістан көшесінде автобус жолағымен ереже бұзып, қарсы бағытта ағындаған үш самокатшының бірі автобустың астына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік аялдамаға тоқтай бергенде, қарсы алдынан жоғары жылдамдықпен үш жасөспірім шыға келген.

Олар жылдамдықты бәсеңдетпестен, автобус пен бордюрдің арасындағы тар аралықтан сытылып өтпек болған. Екі бала өтіп үлгергенімен, үшіншісінің жолы болмай, соқтығысып қалды.

Соққының салдарынан автобустың алдыңғы әйнегі шағылып, самокат дөңгелектің астында жаншылған.

 «13 тамызда «Yutong» маркалы бағдарлық автобустың жүргізушісі Түркістан көшесі бойындағы аялдамаға кіре берісте қарсы бағытта, арнайы автобус жолағымен келе жатқан самокатшыны қағып кетті», - деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.

Абырой болғанда, жасөспірім аман. Ол бірден ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер тексерген соң амбулаторлық емделуге үйіне жіберілді.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.