Адвокатурадан ауыл полициясына дейін: партиялар теледебатта қандай мәселелерді көтерді
Партия өкілдері теледебатта заң мен тәртіп мәселесіне қатысты ұсыныстарын айтты
«Jibek Joly» телеарнасында «Заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізі» тақырыбында командалық теледебаттар өтіп жатыр. Теледебаттың екінші кезеңінде журналистер партия өкілдеріне «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбы аясында сауалдар қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әр партияға екі сұрақтан беріліп, жауапқа 1 минут 30 секунд уақыт бөлінді. Партиялар алдымен бірінші сұраққа жауап беріп, кейін екінші сұраққа көшті.
«Ақ жол» партиясы. Партия өкілдерінен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі сұралды. Жауапта адвокатура мен омбудсмендер институтын күшейту қажеттігі айтылды. Адвокатураны күшейту азаматтың құқықтық қорғалуын арттыратыны атап өтілді.
ЖСДП. Партияға алимент төлеуден қасақана жалтарған адам мен уақытша жұмыссыз қалған азаматты қалай ажыратуға болатыны туралы сұрақ қойылды.
ЖСДП өкілі мұны цифрландыру арқылы анықтауға болатынын айтты. Азаматтың табысы мен шығысын бақылау арқылы оның шын мәнінде қиын жағдайға тап болғанын анықтауға болады. Уақытша жұмыссыз қалған адамды бірден жауапқа тартпай, оған жұмыс тауып беру және төлемдерді қайта құрылымдау қажет. Сонымен бірге алимент – ең алдымен баланың құқығы екені атап өтілді.
«Әділет» партиясы. Қоғамда заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыру үшін не істеу керектігі сұралды.
Партия өкілі заң мен тәртіптің тек құқық қорғау органдарына емес, бүкіл қоғамға қажет екенін айтты. Заңға құрмет пен жауапкершілікті мектептен бастап қалыптастыру керек. Бұл ретте «Адал азамат» бағдарламасы аталып, сонымен бірге отбасы тәрбиесінің маңызына назар аударылды. Негізгі мақсат – адал, парасатты және саналы азамат тәрбиелеу.
Қазақстан Халық партиясы. Партияның социалистік бағытын «популизм» деп сынайтын пікірлерге қатысты сауал қойылды.
Партия өкілі социалистік модельді қорғап, Қытай мен Норвегияны мысалға келтірді. Партия «қазақстандық социализм» моделін ұсынатынын айтты. Еркін экономика мен табиғи ресурстар халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қолдау білім мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция ретінде бағытталуы тиіс. Бағдарламаның орталығында адам мен оның әл-ауқаты тұрғаны айтылды.
«Ауыл» партиясы. Ауылдық жерлерде учаскелік полиция инспекторларын сайлау жүйесін енгізу ұсынысына қатысты сауал қойылды.
Партия өкілі бұл ұсыныстың сайлауалды бағдарламасына енгізілгенін айтты. Бастаманың негізгі себептерінің бірі – ауылдардағы мал ұрлығының көбеюі. Партия учаскелік инспекторларды ауыл тұрғындары жақсы білетін, жергілікті жағдайды білетін азаматтар арасынан сайлауды ұсынды. Мұндай тәсіл ауылдағы заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал етеді деген пікір айтылды.
«Байтақ» жасылдар партиясы. Қоғамдағы вандализм мәселесіне қатысты сауал қойылды.
Партия өкілі вандализммен тек айыппұл және жазалау арқылы күресу жеткіліксіз екенін айтты. Мұндай тәрбие бала кезден қалыптасуы керек. Экологиялық білім мен қоғамдық мәдениетті күшейту ұсынылды. Балаларға Қазақстанның ортақ үй екенін түсіндіру арқылы қоғамдық мүлікке жауапкершілікті арттыруға болады деген пікір айтылды.
Respublica партиясы. Әлеуметтік желілерде хайп, лайк пен қаралым үшін жалған ақпарат тарататын адамдарға қатысты қандай шешім ұсынылатыны сұралды.
Партия өкілі VIII шақырылымда интернет-платформалар туралы және психологиялық көмек туралы заңдар қабылданғанын айтты. Коучтарға қатысты стандарт әзірленгенін де атап өтті.
Оның айтуынша, қажетті құқықтық база қалыптасқан. Ендігі міндет – заңның нақты орындалуын қамтамасыз ету. Әлеуметтік желілердегі балағат сөздер, адамдарды алдау және жалған табыс схемалары үшін әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар қолданылып жатқаны айтылды.
Дебат соңында модератор қазіргі сайлау науқанында ашық пікірсайыс пен саяси бәсекелестік арқылы саяси мәдениеттің жаңа деңгейі қалыптасып келе жатқанын атап өтті.