Құрылтай сайлауы: саяси партиялар кезекті теледебатта заң мен әділдік мәселесін талқылады

Тікелей эфирде жеті саяси партияның өкілдері кездесті

Құрылтай сайлауы: саяси партиялар кезекті теледебатта заң мен әділдік мәселесін талқылады
Фото: Тікелей эфирден скрин

«Jibek Joly» телеарнасында «Заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізі» тақырыбында командалық теледебаттар басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тікелей эфирде Құрылтайға өтетін алғашқы сайлауға қатысып жатқан жеті саяси партияның өкілдері кездесті. Әр партияның атынан екі спикерден қатысып жатыр.

Дебат төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар оппоненттерінің сайлауалды бағдарламаларын талдайды. Әр партияға 2,5 минуттан беріледі.

Бірінші кезеңде «Ақ жол» партиясынан Бек-Мұхамед Жаукебаев тәуелсіз сот пен заң үстемдігі жайлы айтты.

«Біздің партия сот жүйесін реформадан өткізіп, әрбір азамат пен азаматшаның құқығы толық қорғалуы керек», – деді ол.

Партияның екінші өкілі Ермек Әбілдин құр уәде беріп қана қоймай, жұмысын нақты істері мен заңнамалық бастамалары арқылы көрсетіп келе жатқанын айтты.

Сондай-ақ ол партияның сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарға жауапкершілікті күшейтуді, салық төлеушінің адалдығы презумпциясын енгізуді және шағын бизнестің мүддесін қорғауды ұсынатынын атап өтті.

ЖСДП партиясынан Нұрайнаш Камалова адал азамат ұғымы тек құқықтық мемлекетте жүзеге асатынын айтты.

«Заң халыққа қызмет етуі керек. Заңдар қарапайым азаматтар мен олигархтарға бірдей болуы керек. Соттар азаматтардың құқығын шектемей, әділ қорғауы керек. Бейбіт жиындарға мүмкіндік жасауын біздің партия қолдайды», – деді ол.

Партияның екінші өкілі Лариса Ли дебат барысында Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын сынға алып, оны құрғақ декларативті әрі жеткілікті түрде практикалық бағыттылығы жоқ деп атады. Сонымен қатар ол өзін әлеуметтік прогрессивті деп атайтын партия бұған дейін, өзінің пікірінше, осы мәлімдемелерге қайшы келетін нормаларды қолдағанын айтты.

«Сұмдық демагогия, құрғақ декларативті сөз. Осы біздің заманымызда да әлі күнге дейін әлеуметтік топтар бар ма?» – деді Ли.

«Әділет» партиясынан Мәди Мырзағараев үш сұраққа жауап беретінін айтты.

«Біздің басты сүйенішіміз – Ата Заң, қорғайтынымыз – адал азамат. Ережеміз қарапайым: адалсың ба – қорықпа, заң бұздың ба – жауап бер. Байлығың, лауазымың жазадан құтқармайды. Елімізде заң көп, біз ол заңдарға ревизия жасап, Конституцияға сай етеміз», – деді.

Екінші спикер Айжан Аймағанова дебат барысында партияның үш негізгі бағытын таныстырды: соттар мен құқық қорғау жүйесінің тәуелсіздігі, ашықтық пен есептілік, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі. Оның айтуынша, мемлекет заң бұзушылықтарға өз уақытында үн қатып, заң алдында бәрінің теңдігін қамтамасыз етуі тиіс.

«Бізде өз адамымыз немесе бөтен адам жоқ, тек заң бар. Әділдікті жалынып сұрамауы керек, ол үшін кабинеттерді жағалап жүрмеуі тиіс», – деді Айжан Аймағанова.

Қазақстан Халық партиясынан Жандос Бидайбеков заң мен тәртіп сот жүйесінен басталатынын айтты.

«Президенттің бастамасымен елімізде әкімшілік әділет құрылды. Бұл жүйе бойынша азаматтардың пайдасына 70 пайыз шешілді. Сондықтан бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыруымыз керек», – деді Бидайбеков.

Ирина Смирнова дебат барысында зорлық-зомбылықпен күресуде және басқа да әлеуметтік мәселелерде заңнамалық шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол кейбір партиялардың сайлауалды бағдарламаларындағы бөлек ережелерді де сынға алды.

«Ахуалды тоқтатуға дәл осы заң мүмкіндік берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң үйдегі зорлықшыларға тосқауыл қойды», – деді Смирнова.

«Ауыл» партиясынан Ерболат Саурықов шалғайдағы азамат пен мегаполистегі азаматтардың білім мен қызметке қол жеткізудегі айырмашылығы жайлы айтты.

«Біздің партия Конституция қағаздағы бап емес, халық өмірінде қалай жүзеге асатынымен өлшейді. Жергілікті өзін-өзі басқару, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, ауылдарда кеңес беру орталықтарын күшейтуді ұсынамыз», – деді Саурықов.

Екінші спикер Жазира Сұлтанқұлованың айтуынша, қоғамдағы барлық әрекет тәрбиеден басталады.

«Байтақ» партиясынан Амалбек Өміртай түйткілді мәселелерді тілге тиек етті.

«Біз халықтың өмір сапасынан көрініс табатын өзгерістерді қолдаймыз. Жаһандағы ешбір мемлекет дербес өмір сүре алмайды. Климат, экология үшін барлық мемлекет бірге жауап беруі керек. Мен ауыл баласы, Қазығұрт ауылындағы төрт мәселені көтергім келеді», – деді ол.

Ол өңіріндегі экологиялық мәселені көтерді.

Respublica партиясынан Олжас Құспеков сайлаудың мәні әдемі сөз бен сенімді сөйлеу емес екенін айтты.

«Партияның бағдарламасы бай-қуатты адам, қауіпсіз ел, әділетті сот құруға бағытталған. Партия адал ақша тапқан кәсіпкерді қолдайды», – деді Құспеков.

Партиядан екінші спикер Динара Шүкіжанова командалық теледебат барысында Қазақстанға инвестиция тарту және бизнесті дамыту үшін түсінікті әрі тұрақты ережелер қажет екенін баса айтты.

«Заң мен тәртіп бәріне бірдей болуы тиіс. Заң мен тәртіп жаңа министр келген сайын өзгермеуі керек. Ережелер түсінікті әрі қолжетімді болғанда ғана жаңа кәсіпорындар ашылады», – деді Шүкіжанова.

Екінші кезеңде партия өкілдері журналистер мен көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Әр жауаптың ұзақтығы 90 секундтан аспауы тиіс.

Үшінші кезеңде қатысушылар өз оппоненттеріне сұрақ қояды, ал оппоненттер екі минут ішінде өз позицияларын дәлелдеп шығуы керек.