Мал ұрлығы, жер дауы, бизнес: теледебаттың үшінші кезеңінде партиялар қызу пікірталасқа түсті
Партиялар теледебатта бір-бірін сұрақтың астына алды
«Jibek Joly» телеарнасында «Заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізі» тақырыбында командалық теледебаттар өтіп жатыр. Теледебаттың үшінші кезеңінде қатысушылар қарсыластарына сұрақ қойып, өз ұстанымдарын дәлелдеуге мүмкіндік алды. Бұл кезеңде жауап беруге екі минут уақыт қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл кезеңде талқылаудың негізгі тақырыптары жеке меншікті қорғау, жер қатынастары, экология, адам құқықтары, идеология және бизнесті қолдау мәселелері болды.
Алғашқы сұрақты «Ақ жол» партиясы қойып, қарсылас ретінде «Ауыл» партиясын таңдады. Партия өкілдері мал ұрлығымен күрес шарасы ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеу және толық есепке алу туралы ұсыныстың тиімділігіне күмән келтірді. «Ақ жол» өкілдері мұндай жүйе ауыл тұрғындарына қосымша қаржылық және бюрократиялық салмақ түсірмей ме деген сауал қойды.
ЖСДП партиясы Respublica партиясына сұрақ жолдады. Партия өкілдері ірі жердің меншік иелерінің қолына шоғырлануы мәселесін көтеріп, жерді едәуір көлемде иеленіп отырғандардың құқығын қорғаудан бұрын жерінен айырылған азаматтарға қатысты әділдікті қалпына келтіру қажет емес пе деп сұрады.
Respublica өкілдері ірі жер иелері салық төлейтін, өнім өсіріп, өңдейтін және жерді заңды түрде иеленетін кәсіпорындар екенін айтты.
«Біз бәріміз дауыс берген Конституциямызда жеке меншік құқығы қол сұғылмайтын құқық ретінде бекітілген», – деді Динара Шүкіжанова.
Ол партия барлық азаматтың меншігін қорғауды жақтайтынын атап өтті.
«Әділет» партиясы ЖСДП-ға сұрақ қойды. Партия өкілдері социал-демократтардың елдегі заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге, соның ішінде полицияны реформалауға, тұрмыстық және көшедегі қылмыстың алдын алуға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қатысты нақты қандай ұсыныстары бар екенін сұрады.
Өз кезегінде Қазақстанның Халық партиясы «Әділет» партиясына сұрақ жолдады. ҚХП өкілдері заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту мен сот және құқық қорғау жүйелерінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қалай қамтамасыз етуге болатынын сұрады.
«Адам құқықтарын қорғау мен жауапкершілікке тарту – бір-біріне қарама-қайшы екі ұғым емес. Бірі екіншісінсіз жұмыс істемейді», – деп жауап берді Мәди Мырзағараев.
Ол мысал ретінде Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан шамамен 10 мың қазақстандықтың эвакуацияланғанын айтып, мемлекет күш-қуаты мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасында тепе-теңдік болуы қажеттігін атап өтті.
Келесі сұрақты «Ауыл» партиясы қойып, оппонент ретінде «Байтақ» партиясын таңдады. Партия өкілдері күрделі геосаяси және экономикалық жағдай кезінде экологиялық мәселелерді шешу үшін «Байтақ» қандай нақты ұсыныстар жасайтынын сұрады. Атап айтқанда, экономика мен экологияның қайсысы басымдыққа ие болуы керек деген мәселе көтерілді.
«Байтақ» өкілдері партияның экологиялық және экономикалық мәселелерге қатысты ұстанымы сайлауалды бағдарламасында егжей-тегжейлі көрсетілгенін айтты. Жауап барысында олар ауыл шаруашылығының мемлекеттік субсидияларға тәуелділігін де сынап, «Ауыл» партиясын мұндай қолдаудың тиімділігіне назар аударуға шақырды.
Одан кейін «Байтақ» Қазақстанның Халық партиясына сұрақ қойды. Партия өкілдері ҚХП-ның саяси өзіндік ұстанымы мәселесін көтеріп, коммунистік идеологиядан бас тартқаны туралы бұған дейінгі мәлімдемесін еске салды.
«Өткен жолы сіздердің өкілдеріңізге Ленин туралы сұрақ қойылғанда, ол жауап беруге қиналды. Біз бұл сұрақты тағы да қойғымыз келеді. Бүгінгі заң мен тәртіп мәселесін ескере отырып, бұрынғы қызыл көсемдеріңіз – Иосиф Сталин мен Филипп Голощёкинге құқықтық баға беріңіздер», – деді «Байтақ» өкілдері.
ҚХП өкілдері тарихтың өткенін өзгерту мүмкін емес екенін айтып, қазіргі партия әртүрлі көзқарастағы азаматтарды біріктіретінін жеткізді.
«Біз – біртұтас халықпыз. Біз – Қазақстанның Халық партиясымыз», – деді партия өкілі.
Жауаптан кейін «Байтақ» партиясына регламентке сәйкес пікір білдіруге 30 секунд берілді. Партия өкілдері Сталин мен Голощёкиннің қызметіне қатысты нақты баға естімегенін айтып, бұл сұраққа жауап алуға ниетті екенін жеткізді.
Үшінші кезеңді Respublica партиясы қорытындылап, «Ақ жол» партиясына сұрақ қойды. Respublica өкілдері партияның кәсіпкерлерге қатысты саясатының бірізділігіне күмән келтіріп, олардың айтуынша, шағын және орта бизнеске түсетін жүктеменің артуына алып келген шешімдерді қолдағанын еске салды.
«Дәл сіздер шағын және орта бизнес үшін айыппұл көлемін 8-11 есеге арттыруды қолдадыңыздар. Соның салдарынан кәсіпкерлер 22 млрд теңге шығынға ұшырады. Бұл бизнесті қорғау ұстанымымен қалай үйлеседі?» – деп сұрады Respublica өкілдері.
Осылайша, пікірсайыстың үшінші кезеңіне жеті саяси күштің барлығы қатысты.
Теледебаттың үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша көрермендер саяси партиялар өкілдерінің сөз сөйлеуіне онлайн режимде баға берді.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сауалнама нәтижесіне сәйкес, бірінші орынды 59,5% дауыс жинаған «Әділет» партиясы иеленді. Екінші орында – 14,4% дауыс жинаған «Ауыл» партиясы, үшінші орында – 12,1% көрсеткішпен Respublica партиясы.
Одан кейін Қазақстанның Халық партиясы – 4,2%, ЖСДП – 3,7%, «Ақ жол» – 3,4% және «Байтақ» – 2,1%. Ал көрермендердің 0,6%-ы бірде-бір партия өкілінің сөз сөйлеуі ұнамағанын көрсетті.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар онлайн сауалнама нәтижелері көрермендердің теледебатқа қатысушылардың сөз сөйлеуіне берген бағасын ғана көрсететінін және партиялардың электоралдық рейтингі болып саналмайтынын атап өтті.
Дебаттың қорытынды, яғни соңғы бөлімінде әр қатысушы өз партиясының атынан «Уәде» форматында жария міндеттеме алды. Осы кезеңде партия өкілдері Құрылтайға сайланған жағдайда алдағы бес жыл ішінде халық үшін нақты қандай жұмыстар атқаратынын және сайлаушылар алдында қандай міндеттемелер алатынын айтады.