Бүгін, 08:27
Спорт

Азия ойындары: Қазақстан құрамасы алтыншы күннің қорытындысы бойынша бес қола иеленді

Қазақстан құрамасы Азиаданың алтыншы жарыс күнін бес қола медальмен аяқтап, жалпы медаль санын 30-ға жеткізді

Азия ойындары: Қазақстан құрамасы алтыншы күннің қорытындысы бойынша бес қола иеленді
Фото: ҚР ҰОК

2026 жылғы Аичи-Нагоя Азия ойындарында 25 қыркүйекте алтыншы жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы жеті сайыс, сырықпен секіру, 50 метр қашықтыққа үш позициядан винтовкамен оқ ату, семсерлесуден командалық жарыс және 500 метрге байдарка-төрттікте бес қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан қоржынына алғашқы қола медальді Алина Чистякова салды. Жеңіл атлетикадан жеті сайыста қазақстандық спортшы жеті дисциплина қорытындысы бойынша 5568 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Алтынды жапониялық Юри Танака жеңіп алса, күміс жүлде оның отандасы Нанака Кадзикиге бұйырды.

Жеңіл атлетикадан тағы бір қола медальді Полина Иванова иеленді. Сырықпен секіру финалында қазақстандық спортшы 4,15 метр биіктікті бағындырып, Үндістан өкілі Бараника Элангованмен бірге үшінші орын алды. Анна Черкашина 4,00 метр нәтижесімен жетінші орынға тұрақтады.

Оқ атудан Ислам Сәтпаев тұғырдан көрінді. Қазақстандық спортшы 50 метр қашықтыққа үш позициядан винтовкамен оқ ату жарысының финалына шығып, 348,3 ұпай жинап, үшінші орын алды. Іріктеу кезеңінде Сәтпаев 584 ұпай көрсеткен. Константин Малиновский мен Никита Шахторин іріктеуді сәйкесінше 13-ші және 20-шы орындарда аяқтады. Ал командалық есепте Қазақстан бесінші орынға ие болды.

Семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы да қола медаль жеңіп алды. Ширек финалда София Николайчук, Ирина Бакалдина, Дарья Самоделкина және Владислава Андреева Гонконг құрамасын 45:35 есебімен жеңді. Жартылай финалда Қазақстан Қытайдан 21:45 есебімен жеңіліп, командалық турнирді үшінші орынмен аяқтады.

Тағы бір медаль ескек есу мен каноэде есуден бұйырды. Ольга Шмелева, Стэлла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко 500 метр қашықтыққа байдарка-төрттікте үшінші орын алды. Қазақстан экипажы қашықтықты 1:37.005 нәтижесімен аяқтады. Бірінші орын Қытайға, екінші орын Өзбекстанға бұйырды.

Тағы екі қазақстандық экипаж жүлдеге бір қадам жерден тоқтады. Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров 500 метрге байдарка-екілікте 1:35.365 нәтижесімен төртінші орын алды. Мария Бровкова мен Ульяна Киселева да 500 метрге каноэ-екілікте 1:58.689 нәтижесімен төртінші болды.

Спорттық гимнастикадан Милад Карими Азиада-2026 ойындарында екінші медальді жеңіп алуға бір қадам қалды. Керме жаттығуының финалында қазақстандық гимнаст 13,666 ұпай жинап, төртінші орынға ие болды. Бір күн бұрын Карими еркін жаттығуда күміс медаль жеңіп алған еді.

Таулы велосипедтен Денис Сергиенко ерлер арасындағы кросс-кантриде үздік бестікке енді. Қазақстандық спортшы 1:26:25 нәтижесімен бесінші орын алды. Евгений Федоров 13-ші болып мәреге жетті. Ауыр атлетикадан Екатерина Алякина 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, бесінші орынға ие болды. Екі сайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 195 келі көтерді.

Жүзуден Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзудің финалына шығып, 26,49 секунд нәтижесімен алтыншы орын алды. Айбат Мырзамуратов 50 метрге брасс әдісімен жүзуде оныншы болды.

Командалық спорт түрлерінде Мерей Қожахмет пен Лаура Қабулбекова жағажай волейболынан топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтап, Филиппин өкілдерін 2:1 есебімен жеңді. Қазақстан әйелдер құрамасы допты хоккейден Бангладешпен 3:3 есебімен тең түсіп, турнирдегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Бокстан Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жекте Қытай өкілі Чжао Сюаньнан төрешілер шешімімен 1:4 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады. Оразбек Асылқұлов та 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкіліне 1:4 есебімен есе жіберді.

Алты жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 30 медаль бар: сегіз алтын, сегіз күміс және 14 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан төртінші орында тұр.