Астанада есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан топ сотталып тынды
Тергеу барысында қылмыстық схеманың алты негізгі қатысушысы анықталды
Астанада есірткі заттарын заңсыз сақтап, тасымалдағаны және таратқаны үшін қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық полицейлер бір жыл бойы жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде интернет-дүкен арқылы тыйым салынған заттарды таратумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылды.
Тергеу барысында қылмыстық схеманың алты негізгі қатысушысы анықталды. Олардың қатарында интернет-дүкенді ұйымдастырушы, есірткі заттарын сақтауға жауапты тұлғалар, оларды таратқан курьерлер, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар адамдар болған.
«Полиция қызметкерлері топ мүшелерін ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіп, есірткі заттарының ірі партияларын тәркіледі. Тергеу амалдары барысында қылмыстық әрекетке қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, олардың ұйымдасқан қылмыстық қызметтегі рөлі дәлелденді. Қылмыстық істі қарау қорытындысы бойынша сот сотталушыларды кінәлі деп таныды. Топ мүшелерінің әрқайсысына 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген ПД хабарламасында.
Елордалық полиция есірткінің заңсыз айналымы арналарының жолын кесу, оларды таратумен айналысатын тұлғаларды анықтау және кінәлілерді заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастыруда.