Жетісуда шетелден басқарылған синтетикалық есірткі желісі анықталды
Аймақта есірткі таратумен айналысқан 8 адам ұсталды
Жетісу облысында шетелден басқарылып, синтетикалық есірткі заттарын Қазақстан аумағында таратумен айналысқан ұйымдасқан топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топтың 8 қатысушысы ұсталды.
Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес, қылмыстық әрекет шетелден үйлестірілген. Ұйымдастырушы синтетикалық есірткі заттарын жеткізуді қамтамасыз етіп, топ мүшелері арасында міндеттерді бөлген, жасырын орындардың координаттарын жіберген, қылмыстық тапсырмалардың орындалуын бақылаған, сондай-ақ криптовалюта арқылы есеп айырысқан.
Алдын ала анықталғандай, ұйымдасқан топ мүшелері ұйымдастырушының нұсқауы бойынша Талдықорған, Алматы, Қонаев, Қаскелең және Павлодар қалаларының аумағында жасырын орындар дайындаған.
Жүргізілген тергеу және жедел іс-шаралар барысында құрамында синтетикалық есірткі заты «мефедрон» болуы мүмкін ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сот сараптамасына жолданған өзге де заттар, дәлелдемелік маңызы бар ақпараттар сақталған ұялы телефондар, сондай-ақ «Exodus»криптовалюта әмияны арқылы жүргізілген есеп айырысулар туралы мәліметтер тәркіленді.
«Анықталған барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша қылмыстық істер тергелуде. Қазіргі уақытта ұйымдастырушының жеке басын, оның орналасқан жерін, есірткі заттарын жеткізу арналары мен заңсыз әрекетке қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Жетісу облысы прокуратурасының бақылауында», – делінген прокуратураның хабарламасында.