Астанада ер адам жүк көлігінің нөмірін шүберекпен жауып қойғаны үшін қамауға алынды (ВИДЕО)
Қалада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Астанада жүк көлігінің жүргізушісі көлігінің мемлекеттік нөмірін шүберекпен жапқаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада жол қозғалысы ережелерінің бұзылуының алдын алуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр.
Іс-шараның алғашқы күнінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ге жуық дерегін анықтады. Оның ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзудың 200-ден астам жағдайы, белгіленген техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралын басқарудың 100-ден астам дерегі және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудың 90-ға жуық фактісі бар.
Сонымен қатар полиция 15 көліктің заңсыз қайта жабдықталғанын және қарсы бағыттағы жолаққа шығудың 11 жағдайын анықтады.
«Заң бұзушылықтардың бірі елордаға кіреберісте тіркелді. 24 жастағы Howo маркалы жүк көлігінің жүргізушісі көлігінің мемлекеттік нөмірін камераларға көрсетпеу үшін оны шүберекпен жауып қойған. Алайда ол жауапкершіліктен құтыла алмады. Полиция қызметкерлері жүргізушіні тоқтатып, заң бойынша жауапқа тартты. Сот шешімімен ол бір жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыру, көлікті заңсыз қайта жабдықтау және жол қозғалысы ережелерін өзге де бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды», – делінген ПД хабарламасында.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы жалғасып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген құқық бұзушылық «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қатаң түрде тоқтатылады.