«Ең болмаса, осы күйінде қалсын»: Newtech Systems Group ұжымы Respublica өкілдеріне не айтты
Қызметкерлер үйлеріндегі электр қуатының тұрақсыздығын айтып, жарықтың жиі үзіліп қалмауы үшін не істеу керегін сұрады
Атырауда Respublica партиясының сайлауалды штабы ТОО «Newtech Systems Group» ұжымымен кездесті. Кездесуде партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Бекжан Айткулов пен Айдос Досқалиев сөз сөйлеп, партияның Парламенттегі үш жылдық жұмысы, нақты нәтижелері және сайлауалды бағдарламасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Newtech Systems Group өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін отандық компания. Кәсіпорын мұнай-газ, химия, мұнай-химия және энергетика салаларына арналған инженерлік шешімдермен, жылу оқшаулау, өрттен және шудан қорғау жүйелерімен айналысады.
Бекжан Айткулов мұндай кәсіпорындардың ел экономикасындағы маңызына тоқталды.
«Сіздер сияқты кәсіпорындар ел үшін өте маңызды. Бүгінде өндіріс жүргізудің қаншалықты қиын екенін білеміз. Мұнда мәселе тек құрал-жабдық пен өнімде емес. Кадр, электр энергиясы, логистика, салық, жалақы — мұның бәрі кәсіпорынның дамуына тікелей әсер етеді», — деді ол.
Одан кейін әңгіме қызметкерлер күнделікті өмірде өздері көріп жүрген мәселелерге ойысты.
Солардың бірі — Атырау мен Орал арасындағы жол. Кездесуге қатысушылар жолдың қазіргі жағдайына назар аударып, бұл мәселені бақылауға алуды сұрады. Айтуларынша, екі облыс арасында қатынайтын адамдар үшін жолдың нашарлығы елеулі қиындық туғызып отыр.
Тағы бір мәселе — электр жарығы. Қызметкерлер үйлеріндегі электр қуатының тұрақсыздығын айтып, жарықтың жиі үзіліп қалмауы үшін не істеу керектігін сұрады.
Зейнет жасына қатысты да сұрақ қойылды. Қатысушылар зейнетке шығу жасының бұған дейін бірнеше рет көтерілгенін айтып, ең болмаса қазіргі деңгейінде сақтап қалуды сұрады.
Айдос Досқалиев медицинаға қатысты сұрақтарға жауап берді. Ол медициналық көмектің қолжетімділігі, маман тапшылығы және адамдардың қажетті көмекті ұзақ күтпей алуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру қажеттігі туралы айтты.
Бұл кездесуде қойылған сұрақтардың бәрі әртүрлі болғанымен, ортақ бір нәрсе бар: олар адамдардың күнделікті өміріне тікелей қатысты. Жұмысқа баратын жол, үйдегі жарық, дәрігерге қаралу, зейнетке шығу — елдегі үлкен өзгерістердің қарапайым адам өмірінде көрінетін тұстары осы.