Respublica «Дәулет Нан» ұжымымен кездесуде не туралы сөйлесті

Партия мүшелері бағдарламаларын түсіндірді

Respublica «Дәулет Нан» ұжымымен кездесуде не туралы сөйлесті
Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Атырауда Respublica партиясының сайлауалды штабы «Дәулет Нан» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесуге Нұргүл Тау, Айтуар Қошмамбетов, Жалын Жайнарбай, Бекжан Айткулов, Айдос Досқалиев және партияның Атырау облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Үтебаев қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Штаб өкілдері партияның Парламенттегі үш жылдық жұмысы, нақты нәтижелері және сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Бекжан Айткулов «Дәулет Нан» сияқты кәсіпорындардың ел экономикасы үшін маңызы бір ғана өндіріс көлемімен өлшенбейтінін атап өтті.

«Сіздер сияқты кәсіпорындар ел үшін өте маңызды. Бүгінде өндірісті жүргізудің қаншалықты қиын екенін өзіміз де білеміз. Дүкеннен сатып алынған бір бөлке нанның артында қаншама еңбек жатыр: шикізат, құрал-жабдық, электр энергиясы, логистика, жалақы, салық және күн сайын жұмысқа келіп, өз ісін атқарып жүрген адамдар. Сондықтан мемлекеттің міндеті — отандық өндірушіні қолдаймыз деп айтумен ғана шектелмей, оның дамып, өндірісін кеңейтуіне жағдай жасау», — деді Бекжан Айткулов.

Жалын Жайнарбай Respublica құрамында әртүрлі сала мен ортадан шыққан адамдар бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл партияға елдегі мәселелерге әр қырынан қарауға мүмкіндік береді: кәсіпкердің көзімен, маманның, жұмысшының және жастың көзімен.

Алайда кездесу барысында көтерілген мәселелер өндіріс тақырыбымен ғана шектелмеді.

Ең қызу талқыланған тақырыптардың бірі — білім беру саласы. Кәсіпорын қызметкерлері жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының жылдан-жылға қымбаттап келе жатқанына тоқталып, білім беру құнына белгілі бір шектеу қоюға бола ма деген сұрақ қойды. Сонымен қатар жастар үшін тағы бір өзекті мәселе — баспана мен жалдау ақысының қымбаттығы.

«Жататын жеріңді, пәтерақыны, айдың соңына дейін ақшаң жете ме, жоқ па деп үнемі ойлап жүрсең, сабағыңа алаңсыз оқу да қиын», — деген сауалдар айтылды.

Нұргүл Тау бұл бағытта партияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, Respublica студенттердің баспанамен қамтылуы мәселесін бұған дейін де көтеріп, жатақхана мен студент арасындағы байланысты жеңілдетуге бағытталған UniDorm 2.0 цифрлық платформасын ұсынған. Пилоттық жобаға 120-дан астам жатақхана, шамамен 25 мың студент және 50 қала қамтылды.