БҚО-дан Астанаға велосипедпен жеткен ұстаз халықтың ұсыныстарын «Ақ жол» партиясына табыстады

Ол Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау тұрғындарының ұсыныстарын Астанаға жеткізді

БҚО-дан Астанаға велосипедпен жеткен ұстаз халықтың ұсыныстарын «Ақ жол» партиясына табыстады
Фото: «Ақ жол» партиясы

Батыс Қазақстаннан велосипедпен жолға шыққан ұстаз Асылбек Айболатов Астанаға жетіп, халықтың ұсыныс-тілектерін «Ақ жол» партиясына табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе, Қостанай және Көкшетау арқылы өткен сапар барысында ол тұрғындармен кездесіп, елдің көкейкесті мәселелерін жинаған болатын. Елордада бұл аманатты партия басшылығы қабылдап алды.

«Кабинетте отырып, адамдардың мұң-мұқтажын толық білу мүмкін емес. Сіз халықтың үнін тікелей жеткізіп отырсыз. Бұл ұсыныстар біз үшін өте маңызды және міндетті түрде партия жұмысында ескеріледі», – деді Дания Еспаева.

Партия төрағасы Асылбектің бұл қадамын сөзін іспен дәлелдеген нағыз азаматтық жауапкершіліктің үлгісі деп жоғары бағалады. Мыңдаған шақырымға созылған жолдың басты жүгі – халықтың сөзі ресми түрде өз мекенжайын тапты.