Астанада 25 тамыздан бастап электросамокатпен тротуарда жүруге болмайды
Жаңа ережеге сәйкес, электросамокатпен велосипед жолы немесе веложолақ арқылы жүруге болады
Астанада 25 тамыздан бастап электросамокат жүргізушілеріне тротуармен жүруге тыйым салынады. Өзгеріс самокат пайдаланушыларының қозғалысына қатысты жаңа талаптарға байланысты енгізіліп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа ережеге сәйкес, электросамокатпен велосипед жолы немесе веложолақ арқылы жүруге болады. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуға рұқсат етіледі. Алайда жолдың жүріс бөлігіне шығу үшін пайдаланушы 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс шлемін пайдалануы керек. Қараңғы уақытта жарық қайтарғыш элементтерді тағу міндетті.
JET қосымшасына тіркелу кезінде пайдаланушының ЖСН-і мен жасы тексеріледі. 18 жасқа толмағандарға қызметті пайдалануға рұқсат берілмейді. Ата-анасы өз аккаунтын баласына берген жағдайда да есептік жазба бұғатталады. Бір самокатқа екі адамның мінуіне де жол берілмейді.
Электросамокаттарға рама мен артқы қанатына арнайы сәйкестендіру нөмірлері қойылады. Компанияның мәліметінше, бұл нөмірлер бейнебақылау жазбалары арқылы нақты самокатты анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар самокаттарды тротуардың, жолдың, веложолдың немесе автокөлікке арналған тұрақ орындарының ортасына тастап кетуге болмайды.
Талаптарды бұзған пайдаланушыларға айыппұл салынуы немесе аккаунты бұғатталуы мүмкін.